Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Ел тәуелсіздігі және Қазақстан халқы Ассамблеясы» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген 20 студент қатысты. Тренингтің мақсаты – журналистердің этносаралық мәселелер қозғалғанда жауапкершілік пен этиканы сақтап, толеранттылықты нығайтуға атсалысуына ықпал ету және мамандықтарына пайдасы тиер әдістемелік нұсқаулар мен бағыт-бағдар беру. Сол арқылы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік тақырыбын кеңінен насихаттау болып табылады. «Мұстафа Шоқай» ғылыми-конференция орталығында өткен семинарда Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай және Журналистер мен сарапшылар клубының төрайымы Елена Рыбина өз еңбек жолындағы тәжірибелерімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттары, мақсат, міндеті туралы, этножурналистика, ақпараттық қауіпсіздік, ел бірлігі тақырыптары бойынша тағылымды ақпараттармен бөлісті.

«Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай «Тәуелсіздіктен кейін көп ұзамай-ақ құрылған жаңа қоғамдық институт қызметінің негізгі қағидаттары еліміздегі этносаралық келісім мәселелерімен айналысу болып айқындалды. Сол бағыттан ауытқымаған Ассамблеяның өткен жылдар ішіндегі қызметінің аса салмақты, тағдырлық сипаты бар. Соның ішінде, Ассамблеяға мүше әр этнос, яғни, Қазақстанның әр тұрғыны, өздерінің біртұтас халық екенін, ел тағдырына ортақ жауапкершілікте екенін жүректерімен ұғынғаны ең биік жетістіктердің бірі ретінде аталары анық.  Қазіргі кезеңде Ассамблеяның қызметі қоғамның, мемлекеттің және әрбір азаматтың үйлесімді бірлігінің алгоритміне негізделіп отыр», -дей келе, қаладағы татулық пен келісім шаңырағына айналған Достық үйінде Журналистика мамандығының студенттеріне арнайы Ашық есік күнін ұйымдастырып, алдағы уақытта шақыратындығын хабарлап кетті.  

Клуб төрайымы Елена Рыбина студенттерге тақырыпқа сай ойындар ойнатып, тәуелсіз елдің ынтымағы, ҚХА рөлі және этносаралық келісімнің маңызы жайлы айтып өтті. Студенттер төрт топқа бөлініп, І топ Ел тарихы  және Ассамблея (Қазақстанда этностық топтардың қалыптасуы), ІІ топ Бүгін және Ассамблея (Көпұлттылық – біздің артықшылығымыз), ІІІ топ Ел болашағы және Ассамблея (Жаңа Қазақстан құруда ҚХА рөлі ), ІV топ Қоғам және Ассамблея (Толеранттылық – бейбітшілік кепілі) тақырыптарын ашып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Тренинг нәтижесінде төрт топтың ішіндегі ең мықты I топ жеңіске жетті.   

Шара соңында семинар-тренингке белсенді қатысқан барлық студенттерге «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Фархат Халилуллаевтың атынан арнайы сертификаттар табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!