Бүгінде кәсіппен айналысатындар қатары көбейген. Әр нәрсенің басын шалмай, ойлағанын ой қазанында пісіріп, бизнес жоспарын жүйелейтіні қуантады. Ынта мен ниетті, жігер мен еңбекті бір арнаға тоғыстыра білгендер несібесін кәсіптен тауып отыр.
Жалағаштық Жылбек Қуаныш та істің көзін танып, кәсібін одан әрі кеңейтіп келеді. Яғни киіз-үй жабдықтары, қыз жасауы, ағаш қолөнер бұйымдары, ат жабу, той бастар, шежіре және шымылдық әзірлейді. Өндірген өнімі, дайындаған бұйымы көпшіліктің көңілінен шығуда. Мұны күн сайын түсетін тапсырыстардан білуге болады. Кәсіптік ұйымның жетекшісі Жылбек жылдамдыққа сүйеніп, белгіленген уақытта тапсырысты тыңғылықты аяқтап, талғампаз тұтынушылардың қуанышын еселеуде. Кәсіпкердің қиялында шек жоқ екені, осы салада өзін бейімдеп, машықтандырғаны әр жұмысынан білінді. Мәселен, этностильдегі жастықтар соның көрінісі. Одан бөлек қолөнер бұйымдары да айналымнан орнын тапқан. Тағы бір қызығы ол ешкі сүтін негіз етіп, құрамына француз әтірлерін басқа да қоспаларды қосып сабын да өндірген. Әлгі сабындардың пішіні дүкенде сатылатын өнімдерге мүлде ұқсамайды. Мұның өзіне ізденімпаздық пен жан-жақтылық қажет. Осылайша, түрі бөлек, хош иісі аңқыған ерекше сабын өнімдерін сатып алатындардың санында шек жоқ.
– Өзім тіккен қыз жасауын, ұлттық нақыштағы көрпе мен жастықтардың суретін әлеуметтік желіге жариялаған күннен бастап тапсырыс түсе бастады. Кейін ұлттық нақышта киім тігумен айналысатын алматылық компаниямен бірге жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Ұсынысты қабылдап, Алматыда бір жыл тәжірибе жинақтаған соң туған жерге оралдым. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында қолөнершілердің ортасы Талдықорған мен Таразға да бардым. Сапар барысында көп нәрсені үйрендім, өз бизнесіме жаңалықтар енгізе бастадым, – деді Жылбек Русланбекұлы.
Егер бір орында тұралап қалса, дамудың даңғыл жолына түсем деу бекершілік. Ал Жылбек ізденуде ілгері жүретіндіктен сапалы өнімі сұранысқа ие. Жеткен жетістігі де аз емес.
– 2018 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы үкіметтен 240 мың теңге көлемінде бір реттік грант алып, шағын жұмысымды ұлғайттым. 2018-2019 жылдар аралығында «Zhas project» республикалық кәсіпкерлікті қолдау жобасынан 1 млн. теңге көлемінде қаражат иегері атанып, тұңғыш президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдығына орай «Еңбек пен жырды тоғыстырған еңбек ері» атты қолөнер шеберлерінің аудандық байқауында 1-орын иелендім. Содан бері жалағаштықтар арасында тігін саласындағы жұмысым таныс бола бастады. 2021 жылы «Қолөнер – асыл қазына» көрме-фестиваліне белсене қатысқаным үшін облыс әкімінің алғыс хатын иелендім. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Үкілім» брендімен қыз жасауын дайындау мақсатында 297 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсібімді кеңейткен болатынмын, – деді Жылбек Русланбекұлы.
Тауардың түр-түрін өндіріп, креативті ойымен кәсібін жандандырып жүрген жас кәсіпкердің ұмтылысы әлі талай белеске жетелейтіні анық.
З.ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!