Францияның Нант қаласында өткен халықаралық Univerciné à l’Est 2026 кинофестивалінде «Әбіл» фильмі топ жарды. Бұл туралы басты рөлді сомдаған актер, өнертанушы Ерлан Төлеутай айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Әбіл» фильмі фестиваль жеңімпазы атанып, қос бірдей жүлдеге ие болды. Оның біріншісі – бас жүлде, Prix du Jury, екіншісі – Prix du Public Univerciné à l’Est 2026 сыйлықтары. Баршаңызды қазақ киносының халықаралық жеңісімен құттықтаймын! Ортақ қуаныш құтты болсын, ағайын!»– деді ол. 

Бұған дейін «Әбіл» толықметражды көркем фильмінің қоюшы-операторы Йоланта Дылевска мен актер Ерлан Төлеутай 24-і Dhaka International Film Festival-де «Үздік қоюшы-оператор» және»Үздік актер» жүлделеріне ие болған еді.

Айта кетейік, фильм Кеңес одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт аясындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасайды. Фильмде кеңестік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының бастан кешкен жағдайы, тұрмыс қалпы, өз елінде, өз жерінде дискриминацияға түскендігі, социализмнен капитализмге ауысу тұсындағы екіұдай сезім, сонымен қатар жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!