Париж, 1925 жыл. Осыдан тура бір ғасыр бұрын, қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Әміре Қашаубайұлы Франция астанасында өткен әйгілі халықаралық ЭКСПО көрмесінде өнер көрсетіп, әлемді өз дауысымен тамсандырған еді. Бұл оқиға қазақ мәдениетінің әлемдік сахнаға алғаш қадам басқан сәті ретінде тарихта қалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Париж, 2025 жыл. Дәл 100 жылдан кейін осы тарихи миссияны заманауи қазақ әртісі Бағжан Октябрь жалғастырды. Ол өзінің алғашқы толыққанды әлемдік турнесін атақты Theatre du Gymnase Marie Bell сахнасында қорытындылады. Бұл театр 1820 жылы құрылған және өз тарихында бірнеше монархияны, революциялар мен соғыстарды бастан өткеріп, Еуропадағы ең құрметті өнер ошақтарының біріне айналған.

Қазақ өнері әлем сахналарында жаңа деңгейге көтерілуде. Соның бір дәлелі — Бағжанның 9 ел, 13 қаланы қамтыған халықаралық турнесі. Әр концертте ол қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық музыка орындап отырды. Көрермендер арасында отандастарымыз аз болғанымен, Бағжан шетелдік тыңдармандарды да қазақ әндерімен баурап алған. Әсіресе Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні тыңдармандардың жүрегіне жол тауып, олар әннің атауын, мағынасын білуге қызығушылық танытты.

Бұл – жеке бір әртістің жетістігі ғана емес, қазақ мәдениетінің жаһандық деңгейге көтерілгенінің айқын белгісі. Бағжан – «Made in Qazaqstan» брендін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген замандасымыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!