Қазақ эстрадасында соңғы жылдары жеңіл ырғаққа құрылған, сөзі жұтаң, ойсыз әндер көбейгені жасырын емес. Бір кездері ән халықтың жанын тәрбиелейтін рухани құрал болса, бүгінде кей туындылар тек көңіл көтеру мен тренд қуудың амалына айналды.

«Ескі әндер – есті әндер» деп жатамыз. Өз дәуіріне көңілі толмай, өткенді аңсап тұру адамзат бойында әуелден бар қасиет емес пе… Ата-анамыз тыңдайтын һәм ара-тұра шырқайтұғын әндері қандай мағыналы. Дәл сол секілді қазір құлағымызға түрпідей тиген кей туындылар уақыт өте келе жаңа буынға жағымды, мағыналы дүние болып көрінетін шығар-ау. Көркемдік тұрғыда көзқарасымыз кері кетіп, тыңдарман талғамы тоқырауға ұшырап жатқаны еріксіз осындай ойларға жетелейді. Ендеше мәтінінен мән кетіп, мағынасын жоғалтқан туындылар жайлы қалам тербеп көрелік.

Ілгеріде ән жазуға сазгер де, ақын да айлап еңбектенетін. Олар «ән – өмірдің айнасы, сөз өнерінің жалғасы» деп бағалады. Ал бүгінде жағдай мүлде басқа. Себебі музыка бизнеске айналды, орындаушыларға ең бастысы – хит шығару. Жеңіл ырғақ пен тез жатталатын қайырма жазса ән TikTok-та трендке айналып, авторына да, орындаушыға да пайда әкеледі. Бұл үдеріс сөз сапасын екінші орынға ысырып тастады.

Бірнеше жыл бұрын «Бақай» тобының орындауында жарыққа шыққан «Опмай-опмай» атты ән елді бір дүрліктірген болатын. Бәлкім басқа туындыларды кекету ме, мүмкін хайп қуып танылаудың амалы ма, ол жағы бізге беймәлім. Мәтініне мән берсек, оған дейін жарыққа шыққан мазмұнсыз бір топ әннің сөзін жиыстырып, айран қатқан аталадай араластыра салған. Тіпті ән ішіндегі «ал жетпіс тоғыздар қайда?» деген сөзге сол жылы дүние есігін ашқанына қараптан-қарап ұялғандар да табылып қалар… Алайда, ел не десе де «Бақай» тобының бақай есебі әзірге түгел.

Сыншылардың айтуынша, мұндай шығармалардың көбеюіне тек әншілер емес, тыңдарманның да жеңіл дүниеге әуестігі себеп. Ойлы мәтіні бар туындыларды уақыт бөліп тыңдауға, астарына үңілуге ұмтылыс жоқ. Ал продюсерлер сұранысқа сай ән ұсынады.

Үш жыл бүрын Алина Шакиева есімді әншінің «Ұйқым келмейді» атты әні тыңдарман тарапынан сынға ұшырағаны есімізден кете қоймады. Сөзін жазған белгілі актер, ақын Рамазан Амантай.

– Әнге позитивті көзқараспен қарау керек, себебі ол сондай көңіл күй сыйлайды. Апталар бойы бұл ән Қазнетті дүр сілкіндіріп, кеңінен талқыланды. Мен барлық пікірді оң қабылдауға тырыстым. Алдымен көп сын орындаушыға бағытталды, кейін маған ауысты. Жалпы, бұл ән Алина Шакиевамен таныспай тұрып-ақ 2020 жылы, карантин кезінде жазылған. Алдымен мәтіні жазылды, кейіннен композитор құрбымыз Диана Исмаил оған ән шығарды. Ең қызығы, біз бұл әнді басқа әншілерге ұсынған кезде ешкім сын айтпаған еді, – деп атап өтті ол.

Ақын осынау мәтінді жазған уақытта қайта өңдеуді, өзгертуді жоспарлаған. Алайда оған үлгермегенін, туындының тосыннан жарыққа шыққанын айтады.

Орынсыз сөз – орынсыз жамау секілді, жыртығыңды жасырмайды, керісінше жарқыратады. Қалай болса солай жамаған матаны әдемі қыла алмайтынымыз секілді, мағынасыз, үйлеспейтін сөзбен әннің кем-кетігін толтыра алмайсың һәм оның ғұмыры ұзақ болуы да неғайбыл. Ауыздан шыққан әрбір сөздің салмағы бар. Әсіресе ән мәтінінде айтылған әр сөз тыңдарманның жүрегіне жетіп, ойына ой қосуы керек.

Мәселен бұрынғы қазақ әндерінде ойдың өрнегі, сезімнің иірімі, тілдің сұлулығы қатар өрілетін. Шәмші Қалдаяқовтың ақын Қадыр Мырза Әлі өлеңіне жазылған «Сыған серенадасы», «Тамды аруы» туындылары, Тұманбай Молдағалиевтің өлеңіне жазған «Бақыт құшағында», Мұхтар Шахановтың өлеңіне жазған «Өмір-өзен», «Арқалықтың ақ таңы» секілді лирикалық туындылар – сөз бен саздың мінсіз үйлесімінен туған. Ондағы әр жолда бір сыр, әр сөздің артында бір тағдыр бардай еді. Сондықтан да ол әндерді халық тек тыңдап қана қоймай, бойына сіңіріп, көңіліне медет етті.

Ал бүгінгі эстрадада жиі кездесетін кемшілік – сөздің жеңілдеп, әннің мәні кетуі. Терең ой мен поэтикалық образ азайып, жеңіл ұйқас пен терең мағына бермейтін тіркестерге жол берілді. Кейде ән мәтіні әлеуметтік желідегі қысқа жазбаларға ұқсап кетеді, бір сәттік көңіл-күйді білдіргенімен, уақыт өте есте сақталмайды. Айтпағымыз, әннің әуені еліктірсе де, сөзі сүйсіндірмесе – ол уақытша. Ал ойлы сөз – әннің жамауы емес, сәні болуы керек.

Мейір Қайрат есімді әншінің орындауында «Бір досым бар» атты ән де кеңінен таралып, миллиондап қаралым жинаған туындылардың бірі. Десе де мәтініне назар аударғанда өлең немесе ән емес, қарапайым көше тілінде әңгіме тыңдап отырғандай әсер қалдырады. Мұнда туындының әуезділігі мен әдеби көркемдігі жайлы сөз қозғау тіпті артық.

Ееей, достым, достым,
Күттім, күттім, сағынышпен тостым, тостым.
Ееей, достым, достым,
Мен бәріңді осы әніме қостым, қостым! – деп өріледі әннің қайырмасы. Жеңіл ырғақты, қайталанатын сөз тіркестерінен құралған, поэтикалық деңгейі төмен осындай шығармалар қатары күн санап артып келеді. Бір шумақтағы екі-үш жол бүкіл ән бойы қайта-қайта қайталанып, тыңдарман ойында жеңіл жатталса да, мазмұндық салмақ бермейді. Сөз – әннің жаны. Ол болмашы тіркес емес, сазымен үйлесім тапқан толыққанды мазмұн болуы тиіс.

Бұрынғы жайдарман ойыншыларынан құралған «Меховая 8/1» тобының «ақ пакет, көк пакет» әні көптің қатаң сынына ұшырап, талқысына түсіп еді. Алайда «аузы күйген үрлеп ішеді-ау» деген үмітіміз зая кеткен секілді. Ізінше жарыққа шыққан «Дәкәнцә» атты туындысы алдыңғысынан асып түсті.

Аяқта байпақ жүн нәски
Басымда мәләқай, нән әчки.
Енді ондай репір емеспін шіли,
Еминемнен ұрлап алдым пәчти, – деп келетін жолдарды тыңдап отырып, шөпті де, шөңгені де ән етіп шырқағанына қарныңыз ашады. Тап осылай «атың шықпаса жер өртенің» кебін киіп, келесі бір буын ізінен еріп келе жатпасына кім кепіл… Мұндай ән мәтіндеріне талдау жасаудың өзі артық. Терең мазмұннан айырылған ән тыңдарман жүрегінде ұзақ сақталмайды, маусымдық көңіл көтеруге ғана жарайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай әндердің көбеюіне сұраныстың өзі себеп. Мағынасыз туындылар – қазіргі заманның талғамы мен тез тұтыну мәдениетінің бір көрінісі. Бүгінде жас буын тез жатталатын, әлеуметтік желілерде трендке айналатын әндерді іздейді. Олардың пайымдауынша Tik-Tok, Instagram секілді платформаларда танымал болу үшін әннің әуені мен сөзінің қарапайым әрі көңілді болуы жеткілікті.

Музыка зерттеушілерінің пікірінше, бұл үрдіс өнерді уақытша тұтынатын тауарға айналдырды. Кейбір әндер арнайы челлендж не би қозғалысына арналып жазылады да, бірнеше аптадан соң ұмыт қалады. Мәселен, «Алдараспан» театрының экс-әртісі Қайрат Керімбектің орындауындағы «Кока-кола, пепси» әні әлеуметтік желі беттерінде әзіл-қалжың мен оқыс оқиғаларға құрылған бейнероликтерге жиі қолданылады. Бұл әннен мағына іздеп әуре болмайтыныңыз анық. Әлемдік брендтерді әніне қосқан әнші туындыны дәл бұлай танымалдыққа ие болады деп өзі де күтпеген шығар.

Бүгінгі жас композиторлар мен орындаушыларға ескі әндерден сабақ алу – аса маңызды. Қазақы ұғымға, ұлттық сөз саптауға, поэзияға сүйенгенде ғана қазіргі әндер де мәңгілік мәнді туындыға айналады. Дегенмен өз ішімізде «заманың қандай болса, бөркіңді солай ки» ұстанымынан аса алмай отырғанымыз тағы бар.

«Argonya» лақап атымен танылған Арғын Аусаровтың бұған дейін әнші Қайрат Нұртаспен бірлескен орындауында «Маскүнем» атты әні жарыққа шыққан болатын. Тыңдалым жағынан талай әнді шаң қаптырған туындының қайырмасындағы мәтін:

Шапалақты ұрып қаспенен,
Атқандай болдың мені таспенен.
Көріп сенің сұлу көздеріңді,
Кетіп қалды мына бас деген, – деп келеді. «Қаспен шапалақ ұрудың» мағынасын тыңдарман қауым көпке дейін түсіне алмай дал болды. Сондай-ақ ән ішіндегі бүгінде жастар арасында жиі қолданатын «бас кетті» сөзі кірістірілген. Тікелей аудармадан енген мағынасыз тіркес кейінгі уақытта әр әннің мәтінінде менмұндалап тұратынын аңғарып та жүрміз.

Мәселен, «Kalifarniya» лақап атымен танылған Фархат Қалиевтің бірқатар әндері елімізде кеңінен таралып, тыңдарман көңілінен орын тапты. Оның «Puerto-Rico» атты туындысын тыңдамаған адам кемде-кем.

Puerto-Rico дағы қызға бас кетеді,
Неге?
Краска, make жағатын қызға бас кетеді,
Неге? – деп қайталанған әннің ырғағы жағымды болғанымен мәтіні сауатсыз жазылғаны көзге ұрып тұр. Ақпараттарға сүйенсек, әнші өз орындауындағы туындылардың басым бөлгінің сазын да, сөзін де өзі жазады.

Сондай-ақ Argonya-ның Айқын Төлепбергенмен бірге орындауындағы «Оңбаған» атты әні де тақырыбынан бастап тұрпайылыққа толы. «Оңбағанмен» басталып, «жексұрынмен» аяқталатын бұл туынды жүйкеңді жүндей түтеді. Қосыла шырқап жүрген жас буынға тосқауыл болуға да қауқарымыз жетпейді. Балағат сөзді боратқан әншінің бұдан бөлек дәл осы типтегі туындылары топ-топ болып жарыққа шықты. Ең өкініштісі мұның бәрі тыңдарман тарапынан қалыпты дүниедей қабылдануы.

«Әйел десем әжем де кетеді» демекші, мақсатымыз бәріне бірдей топырақ шашу емес. Тыңдаған жанның көңілінен шығып, көкейіне қона кететін бірлі-жарым туындылар әрине табылады. Мұндай әндер ақын мен сазгердің тығыз шығармашылық байланысынан туындайтынын қайталап айтқымыз келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей жеңіл әндердің көбеюі классикалық мәні бар шығармалардың құнын төмендеткен жоқ. Керісінше, ойы терең, сөзі салмақты туындылардың қадірін арттыра түсті. Музыка сыншылары жастарды сапалы поэзия мен ұлттық нақыштағы әуендерді көбірек тыңдауға шақырады.

Қорытындылай келе, музыка өнеріне жаңашылдық керегін айтқымыз келеді, бірақ ол өнердің негізін – мән мен мазмұнды алмастырмауы тиіс. Шынайы сазгер мен ақынның жүрегінен шыққан туынды ғана уақыт сынынан өтеді. Сазы мен сөзі қабысып үйлесім тапқанда ғана ғұмырлы туынды жарыққа шығатынын айтып қанша сарнасақ та, бұл тілегіміз орындаушылардың құлағына сіңбейінше орындалмайтын арман болып отыр. Мәнсіз әндер – уақытша дүние. Алайда олардың шамадан тыс көбейіп кетуі тыңдарманның талғамын төмендетіп, поэзия мен музыка өнерінің беделіне нұқсан келтіреді. Ән – тек көңіл көтеру құралы емес, ол халықтың рухани қазынасы. Сол себепті сапалы мәтін мен ойлы әуенге қайта оралу – бүгінгі қазақ эстрадасы үшін ең өзекті мәселенің бірі болып қала бермек.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!