Sputnik. Биыл Қазақстан кинотеатрларында экшн және фэнтези жанрындағы «Алтын Адам» толықметражды анимациялық фильмі көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.

«Алтын Адам» – өмір отын іздеп, Хан тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгерінің оқиғасын баяндайды. Ол сол сапарда сенімді дос табады, қауіпті қарсыластармен шайқасады. Сан түрлі сынақтан өтіп, ол нағыз жауынгерге атанып, туған жерін зұлымдықтан қорғайды.

Фильмнің режиссерлері – Тұрдыбек Майдан («Мұзбалақ» жобасының авторы) және Тілек Төлеуғазы.

«Алтын Адам» жобасының басты мақсаты – адамның сырты ғана емес, ішкі жан дүниесі де «алтын» бола алатынын көрсету. Фильмге Есік қорғанынан табылған Алтын адам археологиялық мұрасы арқау болған.

«Жоба 2D форматында жасалды. Бұл әдіс ежелгі дәуірді қаз-қалпында бейнелеуге, сол кезеңнің қабырға суреттері мен сәулет өнерін көрсетуге мүмкіндік берді», – дейді ведомство.

Мультфильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен әзірленген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!