Биыл Батырхан Шүкеновтың өмірден өткеніне 10 жыл толды. Қанша жыл өтсе де Батырдың үні жүрегімізден өшпейтіні анық.

Тыңдарман ретінде оның шығармашылығымен ерте жастан таныстым. «Отан Ана», «Сағым дүние», «Твои шаги» сияқты әндері көңіліме жақын болды. Әр туындысында шынайы сезім мен биік мәдениет байқалатын. Батыр тек әнші емес, композитор, саксофоншы әрі кәсіби музыкант еді. Әсіресе, саксофонмен орындаған әуендері ерекше әсер қалдыратын.

«Отан Анадан қуат аламыз, Алға жеңіспен біз барамыз. Бақта бұлбұл сайрайды ұзақ, Жайнайды кең даламыз.»

Батырхан Шүкеновтің өнер жолы Қызылордада басталып, ТМД елдеріне дейін жалғасты. Ол Ленинград мәдениет институтында, кейін Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алды. Музыка саласындағы кәсіби бағдарын Геннадий Гольштейн мен Владимир Рабик сынды ұстаздар қалыптастырды. «Арай» тобында өнер жолын бастап, кейін «А-Студио» құрамында кеңінен танылды. Дегенмен оның жеке шығармашылығы өз алдына бөлек құбылысқа айналды. Әндерінен өмірге, өнерге деген көзқарасын, ішкі дүниесін аңғаруға бо латын.

Ол сахна сыртында да, өнерде де шынайы болды. Әнші болумен қатар, ол қоғам үшін де еңбек етті. ЮНИСЕФ елшісі ретінде балалар тағдырына бейжай қарамай, әлеуметтік жобаларға атсалысты. Президенттің мәдениет жөніндегі кеңесшісі бола жүріп, ел өнерінің дамуына үлес қосты. Осындай ел үшін қызмет етуі оның тек дарынды ғана емес, ұлт жанашыры екенін көрсетті. Батырсыз өткен 10 жыл ішінде қазақ музыкасы елеулі бір тұлғасын сағынумен келеді. Оның артында мол мұра қалды. Әр әні – шынайылық пен ізгілікке құрылған туынды. Батырдың есімі қазақ музыкасының тарихында айрықша орын алады.

Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!