«Театр – шындық пен өмiр. Театр – тәрбие мектебi. Театр – тәлiм, рухани азық алар орда» дейді қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шанин. Адамзат мәдениетінің айнасы, рухани тәрбие құралына айналған театр өнері көптің көкірек көзін ашып, талайдың талғамын қалыптастырушы күшке ие. Онда өнерпаздар қоғамның маңызды мәселелерін көтеріп, адам болмысының терең сырларын ашады.
Қазақ театр өнерінің негізі XX ғасырдың басында, нақтырақ айтсақ 1926 жылы Сыр өңірінде қаланғаны әмбеге аян. Қоғамдағы әділетсіздік, махаббат, ар-ождан, достық, адалдық секілді құндылықтар театр сахнасында көрініс табады. Ондағы кейіпкерлердің тағдыры көрерменді түрлі ойға жетелеп, өз-өзіне сын көзбен қарауға итермелейді.
Бүгінде облыс орталығында қос бірдей театр тәлімі мол, тағылымы терең түрлі қойылымдарды көрермен назарына ұсынып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Соның бірі – 2016 жылы құрылған «Жастар» театры. Кіл талантты жастардың басын қосқан орда өз алдына отау құрып, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз дәл осы Қызылорда қалалық «Жастар театрының» режиссері әрі актері Берік Ахметов. Ол Т.Әбдіктің «Оң қол» психологиялық драмасына, Н.Баймаханның «Сезімді қайтейін?..» атты қойылымына және бірқатар музыкалық лирикалық қойылымдарға режиссерлық жасап, көпшіліктің көңілін баураған дарын иесі.
– 1997 жылы 29 тамызда Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. №51 М.Қаратаев атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, 2015-2018 жылдары Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада- цирк колледжінде «Театр және кино актері» мамандығында білім алдым. Есіпбек Әбілмәжінов, Асан Мәжит, Әсия Малимова секілді ұстаздардан тәлім алу өнерге деген құштарлығымды арттырды – дейді Берік Мейірбекұлы.
Сондай-ақ, ол Ш.Құдайбердіұлы мен М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясында Есен батырдың ролін сәтті сомдаған актер. Спектакльдерден бөлек қалалық деңгейдегі мәдени шараларда өзінің шеберлігі мен біліктілігін көрсетіп, талантын көпке танытып келеді.
2017-2019 жылдар аралығында телеарналарда көпшіліктің көңілінен шыққан «Рауза», «Көріпкел», «Тоғжан», «Тоқалка», «Көкжал» секілді бірнеше сериалда эпизодтық рөлдерді сомдап, өзінің актерлық қырын шыңдады.
Табиғи талант пен шығармашылық ізденісті ұштастыра білген Берік Мейірбекұлы Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық фестивалі аясында өткен «Режиссура» бойынша әйгілі режиссер Юрий Николаевич Бутусовтың шеберлік сабағына қатысып, сертификатымен марапатталды. Нағыз өнерді насихаттап, рухани бай болуға шақыратын кейіпкеріміз алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Жуырда К.Людвигтің «Бикештер» комедиясын көрерменге ұсынбақпыз. Ал 2025 жылдың І тоқсанында М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты спектаклін, ІІ тоқсанда Қызылорда қаласының халқына «Ашық аспан астындағы театр» қойылымын ұсыну, сондай-ақ танымдық ақпараттық бағдарламаларды жасау жоспарлануда.
ІІІ тоқсанда С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі » атты комедиясын, әлемдік классикадан Г.Ибсеннің «Қуыршақ үй» атты драмасын, сондай-ақ І.Есенберлиннің «Ғашықтар» драмасын қалың көрерменге ұсынамыз. Өнердің өлкесі Қызылорда қаласы мәдениеттің мекені екенін дәлелдеуге «Жастар театры» еңбек ете бермек, – дейді ол.
Театр – адамның ішкі мәдениетін байытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін саф өнер. Ол өнер ғана емес, халықтың рухани өсуінің маңызды құралы. Сондықтан да мәдениеті дамыған елдерде театрды өнердің асқақ шыңы деп бағалайды. Ал режиссер – театрдың жүрегі. Театрға деген сүйіспеншілік халықтың сана деңгейінің көрсеткіші десек қате айтқанымыз емес.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!