KAZINFORM — Нью-Йорктің әйгілі Madison Square Garden аренасында алғаш рет Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны орындалды, деп хабарлайды Dimashnews.

Димаш Құдайберген «Stranger» атты жеке концертімен мыңдаған көрерменнің алдына шықты.

— Мен кішкентай кезімнен осында өнер көрсетуді армандадым. Бокс жанкүйері ретінде Madison Square Garden өнер көрсеткен Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон мені шабыттандырды. Сондай-ақ аңызға айналған өнерпаздар — тенор триосы, Майкл Джексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион, Андреа Бочелли әнші болуыма көмектесті. Соңғы жылдары менің өмірімде көп оқиғалар орын алып жатыр. Біраз үлкен қойылымдар, бүкіл әлемде үлкен концерттер берілді. Бірақ бұл жолы сәл өзгеше болады, — деді Димаш концерт алдында.

Димаш Құдайберген Нью-Йорктің әйгілі аренасында жеке концертін берді
Фото: Dimashnews

Бұл концерт шынында ерекше болды. Димаш Құдайберген бастаған қазақстандық команда көрермендерге естен кетпес кеш сыйлады. 

Бірегей «Stranger» бағдарламасы Димаштың өзге де шығармашылық кеш сияқты стильдердің, тілдердің, жанрлардың және алуан түрлі қойылымдардың үйлесімі болды.

Димаш кешті «Golden» қойылымымен бастап, ағылшын тілінде «Smoke», итальян тілінде «Олимпико» және «Battle of Memory» әнін қытай тілінде шырқады.

Алғаш рет жеке концертте Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері, автор Уолтер Афанасьевтің фортепианода сүйемелдеуімен «Love’s not over yet» шығармасы орындалды. 

— Мен Димашты білемін, бірақ оның барлық әнін білмейді екенмін. Оның жанды дауыста ән шырқап жатқаны мені таңқалдырады. Ол өз өнерімен бәрін сүйсіндіре алды. Көрермен оны шын жақсы көреді. Мен мұндай жағдайды көп кездестірмеймін. Мен концертті көріп отырып, «бұл әнді кім жазды, ал мынаны ше?» деп сұраумен болдым. Бізді шақырғанына қуаныштымын. Бұл менің мәңгі жадымда қалатын естелік болды. Мен бұл аренада бірнеше рет өнер көрсеттім, бірақ бұрын-соңды мұндай кешті бастан өткізген емеспін. Бұл үлкен құрмет, мен өте қуаныштымын, — деді Уольтер Афанасьев.

Кеште Димаш маэстро Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» шығармасын орындады. Әдеттегідей, көрермендер әнді бірнеше рет әншімен бірге шырқады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!