Жаңа кейіпке енген орталық алаңда Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты өнер фестивалі өтті.
Өнер фестивалінде облыс әкімі Н.М.Нәлібаев өңір тұрғындарын ұлттық домбыра күнімен құттықтап, мәдени-көпшілік шараның қатысушыларына алғысын білдірді.
Фестивальде Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, Арал ауданынан Қазанғап, Қазалы ауданынан Мырза, Сырдария ауданынан Құрақтың Досжаны, Жаңақорған ауданынан Әлшекей атындағы және Шиелі аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрлері «Сырлы саз», «Сейхун», «Яксарт» этно-рок ансамбльдері мен аймағымыздағы 300-ден аса домбыра үйірмелерінің қатысушылары өнер көрсетті.
Фестивальде ұлттық аспап туралы арнайы музыкалық композиция ойналып, Құрманғазының «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлері бір мезетте орындалды. Айтыскер ақын, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Кенжебай Жүсіпов және жас айтыскер ақын Бексұлтан Орынбасар мерекелік арнауын көрерменге ұсынса, Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Айгерім Ешбаева, Ақсұңқар Бүркітбай, Әлішер Мырзағазиев, Руслан Өтенов, Көкен Өскенбай жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, Сыр елінің танымал эстрада әншілері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Айтулы күні тарихи беттер қайта ашылып, домбыра үні қайта жаңғырды. Ұлттық аспапты ұлықтау жас ұрпақ үшін парыз. Ұлы даламызды сөзбен емес сазбен тербеген домбыра мәңгі жасап, мәңгі жаңғыра бермек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!