Зергерлік бұйымдар әдетте алтын, күміс, платина секілді бағалы металдар мен табиғи тастардан жасалады. Бүгінде зергерлік бұйымдар жасауда әртүрлі материалдар мен заманауи технологиялар қолданылады. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі 2025 жылғы әшекей бұйымдар әлеміндегі трендтерге тоқталып, қандай бұйымдарға сұраныс жоғары екенін зерттеп көрді.
Зергерлік бұйымдардың түрлеріне мыналар жатады:
Сақина – саусаққа тағылатын әшекейлердің бірі. Олардың арасында үйлену мен сәндік сақиналар бар.
Сырға – құлаққа тағылатын әшекей. Ұзын немесе қысқа формаларда болуы мүмкін.
Алқалар – мойынға тағылатын әшекей түрі. Олардың ішінде алтын және күміс, түрлі тастармен безендірілген алқалар кездеседі.
Білезіктер мен қолсағаттар – сәнді әрі функционалды қолға тағылатын бұйым.
Түймелер – киімдерге арналғанымен, зергерлік бұйымдар қатарына жатады.
Бойтұмарлар – рухани немесе діни мәні бар әшекейлер.
Қай кезде де алтын мен күмістен жасалған әшекейлер қымбат әрі мағыналы сыйлық ретінде бағаланады. Түрлі-түсті эмальмен безендірілген алтын әшекейлердің де өз тұтынушылары бар. Мұндай әшекейлер әсіресе жаздың басты аксессуарлары болатыны хақ.
Діни әшекейлер – зергерлік бұйымдар арасындағы ең ерекшелері. Мұндай әшекейлердің мән-мағынасы зор. Сол себепті олар сыйлық ретінде де аса бағалы, құнды.
Толығырақ тоқталып өтейік. 2025 жылы зергерлік өнер саласы әртүрлі жаңа трендтермен толықпақ. Жаһандық сән мен дәстүрлердің қиылысында туындаған жаңа әшекейлер әсемдікті ғана емес, мәдениет пен тұлғалықты білдіретін маңызды символға айналады.
Табиғи және экологиялық материалдар
Қазақстанда экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып келеді. 2025 жылы табиғи тас, органикалық материалдар мен қайта өңделген металдардан жасалған зергерлік бұйымдар көпшілік көңілінен шығады.
Табиғи тастар зергерлік бұйымдарда жиі кездеседі. Мәселен, аметист, лазурит, нефрит, яшма және тағысын тағы. Қазақстанның бай табиғи ресурстарының арқасында бұл тастардың маңызы өсті. Себебі, олар дәстүрлі мәдениетпен тығыз байланысады деседі. Сондай-ақ, әр тастың өзіне тән энергетикасы мен мән-мағынасы болады мыс.
Ұлттық нақыштағы әшекейлер
Қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрлі өнері зергерлік бұйымдардың дизайнында да көрініс табуда. 2025 жылы сұранысқа ие әшекейлердің ішінде ұлттық өрнектер мен стильдер, қазақтың дәстүрлі белгілері мен символикасы бар дизайндар ерекше орын алады.
Шұғыла, ай, жұлдыз, геометриялық оюлар мен құстың бейнесі сияқты ұлттық символдар зергерлік бұйымдарда жиі қолданылады. Мұндай әшекейлерді жастар арасында танымал ету үшін заманауи технологиялар мен дизайнерлік шешімдер ойластырылады.
Қазақ халқының бай мәдени мұрасы зергерлік бұйымдардың дизайнында қайта жаңғырып келеді. Ежелгі қолөнер шеберлерінің салтын сақтай отырып, қазіргі зергерлер ұлттық нақыштағы әшекейлерді заманауи элементтермен үйлестіріп, жаңа коллекциялар ұсынып жатыр.
Минимализм
2025 жылы зергерлік бұйымдардағы минимализм концепциясына басымдық беріледі деп күтілуде. Бұл тренд ұсақ-түйек емес, қарапайым және талғампаз әшекейлердің алдыңғы шепке ығысуын білдіреді. Мұндай бұйымдар бірнеше тас немесе кішігірім моншақтан тұруы мүмкін.
Шағын сырғалар, нәзік білезіктер, қарапайым сақиналар сияқты бұйымдар минималистік стильді ұнататын жастар арасында да танымал.
Көлемді әшекейлер
2025 жылы зергерлік индустрия көлемді, күрделі құрылымды және экспрессивті бұйымдарға көбірек ден қояды. Бұл бұйымдар образды толықтыруға таптырмас шешім болады. Айта кету керек, бүгінде қолөнер мен дизайн саласында инновациялық тәсілдер көп қолданылады.
Көлемді алқалар мен күміс білезіктер, көлемді сақиналар мен сәнді сырғалар – соның айқын дәлелі. Бұл бұйымдар қалалық өмірдің сәнді символы іспеттес болады. Үлкен, батыл әшекейлерге деген сұраныс әсіресе заманауи әйелдер арасында байқалады.
Эмальдан жасалған бұйымдар
Эмальдан жасалған бұйымдар да өз қолданушыларын табады. Бұл материал өзінің түрлі-түстілігімен ерекшеленіп, көздің жауын алады.
Діни символизм мен рухани маңызы бар әшекейлер
Қазақстандағы мәдени және діни көптүрлілік зергерлік нарыққа да әсер етеді. 2025 жылы діни символдарды бейнелейтін әшекейлердің танымал болуы әбден мүмкін. Бойтұмар сияқты әшекейлер де көпшіліктің назарында болады деп күтілуде. Бұлар сенім-нанымға негізделген соң, қадір-қасиеті зор деп есептеледі.
Жеке тапсырыс бойынша жасалатын әшекейлер
Тұтынушылардың жеке талғамы мен қажеттіліктеріне сай жасалған әшекейлер иесінің тұлғалық ерекшелігі мен талғамын көрсетіп қоймай, белгілі бір мерекелер мен маңызды оқиғаларды есте сақтау мақсатында әзірленеді.
2025 жылы Қазақстанның зергерлік нарығында ерекше әрі стильді әшекейлердің сан түрі ұсынылады. Заманауи технологиялар мен инновациялық дизайнерлік шешімдер ұлттық дәстүрлер мен мән-мағынаны сақтай отырып, зергерлік өнердің жаңа кезеңіне жол ашады. Табиғи тастар мен экологиялық таза материалдар, минимализм мен көлемді дизайн, ұлттық нақыштағы әшекейлер мен діни символизмнің үйлесімі еліміздегі зергерлік нарықты өзгертетін басты трендтер болмақ. Осы трендтер Қазақстандағы зергерлік нарықтың қазіргі жағдайын көрсетіп, тұтынушылардың талғамы мен қажеттіліктерінің өзгеріп жатқанын байқатады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!