Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
KAZINFORM – Елена мен Виктор Воробьевтердің «Суретші ұйықтап жатыр» атты туындысын Франциядағы ең ірі мұражайлардың бірі – Жорж Помпиду атындағы Ұлттық мәдениет және өнер орталығы сатып алды, деп жауап берді ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті Kazinform тілшісінің ресми сауалына.
Мәдениет комитетінің мәліметінше, батыстық мұражайлар контемпорари арт стилінде жұмыс істейтін қазақстандық суретшілердің туындыларын жиі сатып алады. Сондай-ақ, 2021 жылы испандық медиамагнат Тачо Беннет сатып алған Зоя Фалькованың «Evermust» атты жұмысы қазір Барселонадағы өнер мұражайында тұр.
– Решат Қожахметовтың да туындылары шетелде жоғары сұранысқа ие. Оның туындыларын Египеттің Каир қаласындағы Ұлттық заманауи өнер орталығынан және Жапониядағы Шигараки қорының керамикалық мәдени саябағынан көруге болады. Алмагүл Меңлібаева мен Ербосын Мелдібековтің туындылары көптен бері шетелде сәтті сатылып келеді,- деп қосты Мәдениет комитеті.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес картиналардың құны коммерциялық құпия саналады.
Алпысбай Қазғұловтың «Байқоңыр» картинасы Бельгия ханзадасы Лоранның коллекциясында сақтаулы екені бұған дейін хабарланған болатын.
Қазақстандық суретшілердің туындыларын француз жұлдыздары Патрисия Каас пен Жерар Депардьенің жеке коллекцияларынан да кездестіруге болады.
Шетелдік мұражайлар мен жеке коллекционерлердің қолында Бақыт Бапишев, Асқар Есдәулетов, Камиль Муллашев, Шолпан және Біржан Төлеш, Евгений Фридлин, Эдуард Казарян, Андрей Нода, Марат Бекеев, Алпысбай Қазғұлов, Батухан Баймен, Бақытнұр Бурдесбеков, Рафаэль Слекенов, Лейла Махат, Асқар Есенбаев және Жәмилә Тәкен сияқты қазақстандық суретшілердің жұмыстары сақталған бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!