Өңірде ерекше рухани шараның шымылдығы түрілді. Қазақ АКСР-нің астана болғанына 100 жыл толуына орай, Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Түркістан Суретшілер одағы филиалы суретші- кескіндемешілерінің «Кеме» атты жылжымалы көрмесі халық назарына ұсынылды.
Бұл – руханият пен тарихты, шеберлік пен шабытты тоғыстырған, қос өңір арасындағы мәдени байланысы тереңдей түскен маңызды оқиға. Көрме Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылды. Түркістан өңірінен келген өнер иелері өз туындыларында көне шаһардың тарихы мен табиғатын, киелі мекендердің құдіретін, ұлттың болмысын бейнеледі.
САН ТҮРЛІ БОЯУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ
Көрме экспозициясына Түркістан облысында орналасқан киелі орындар, тылсым табиғат көріністері, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін сипаттайтын шығармалар қойылды. Қылқалам иелері өз еңбектерінде Түркістанның шежіресін әр көрерменге тереңінен ұғындыра білді.
– Бұл көрмеге Түркістанның керемет табиғаты, тарихы, сондай-ақ тұрмыстық жанрдағы пейзаж-көріністері, портреттер мен Қазығұрт тауының көркем көрінісі бейнеленген 70-тен астам туындылары қойылды. Көрмеге шығармалардан бөлек, олардың авторлары да келді. Барлығы 11 суретші Сыр еліне арнайы ат басын бұрып, туындыларын таныстырды. Әр суретші өз туындысын көркемсурет галереясына тарту етіп, облыстық музей қорын толықтырды. Бұл – біз үшін қуанышты жаңалық. Көркемсурет галереясының басты мақсаты – суретшілерді қолдау, насихаттау және галерея қорын толықтыру.
Өткен жылы халықаралық симпозиумді де өткізген едік. Аталған шара да Қызылорда АКСР-нің астана болғанына 100 жыл толуына арналып, «Қылқаламдағы мәңгілік ел бейнесі» тақырыбында ұйымдастырылды.
Көркемсурет галереясы бұл көрмелермен шектеліп қалмайды, әрі қарай да рухани жұмыстарды жүргізетін болады. «Кеме» көрмесі мамыр айының 15-іне дейін жалғасады, тамашалауға шақырамыз! – дейді С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының меңгерушісі Кенжегүл Ахметова.
Көрмеге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Иляев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қуатбек Қосжанов, суретшілер Абдухат Мұратбаев, Нұрлан Шилбаев, Едіге Тұрлыбеков, Қарлығаш Лесқызы, Ерғали Палымбетов, Анарәлі Тіленші, Алтай Шипденжанов, Дархан Кеңеңбаев, Болат Шерниязов сынды өнер саңлақтарының 75- ке жуық кескіндемелік туынды қойылды. Сондай-ақ көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов қатысып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Атап өткендей, көрме аясында Қызылорда облыстық музей қорына түркістандық суретшілер 20-ға жуық көркем туындыны тарту етті. Бұл – қос өңір арасындағы рухани достықтың жарқын бейнесі.
Көрменің ашылу салтанатына Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жандос Сейілов, ҚР Суретшілер одағы Түркістан филиалының төрағасы Қуатбек Арынұлы Қосжанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Иляев, сондай-ақ Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұжымы мен өнер сүйер қауым қатысты.
Көрме – тек көркем туындыны көрсету алаңы ғана емес, шығармашылық диалог пен рухани дамудың алаңы. Мұнда суретшілер мен көрермен арасында шынайы әңгіме, өнерге деген ортақ сүйіспеншілік орын алды.
«Кеме» көрмесі – өнер арқылы ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын, көркем бейне арқылы шындық пен шабытты жеткізетін рухани шара. Бұл көрме екі өңір арасындағы мәдени көпірге айналып, көрерменге жаңа әсер, суретшіге жаңа шабыт сыйлары анық. Ең бастысы – қазақ руханиятының мәңгілік кемесін алға жетелер желкені боларына сенім мол.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!