Қай дәуірде де қазақтың күйініші мен сүйініші, махаббаты мен тағдыр-таланы, тіпті қоңыр тіршілігі де ән-күйінде, жыры мен термесінде көрініс тауып келеді. Толғаныстарға толы төл өнерімізді ғасырдан ғасырға жеткізіп отырған ұлттық аспаптарымыздың түр-түрі бар. Бүгінде олардың арасында өз дәрежесінде ұлықталып жүргені жалғыз домбыра екені ақиқат. Алда-жалда ұлттық музыкалық аспаптар тізімін ата десе дәл осы домбырадан бастап, қобыз бен жетіген, әрі кетсе сыбызғы мен сырнайдан аса алмасымыз анық. Ендеше сіз естімеген қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының бірнеше түріне тоқталып, қысқа да нұсқа мәлімет бере кетейік.

Адуынды адырна

Қазақтың ең көне көп ішекті музыкалық аспабының бір түрі – адырна. Оны кей деректерде ежелгі түріктер мен қыпшақтар қолданғаны жайлы айтылады. Римдіктердің орфей, лира аспаптарының көне түрі кифараға қатты ұқсайтын адырна алғашында садақ түрінде жасалған. 7 ішекті кейде 13 ішекті болып келетін музыкалық аспап аша тәріздес ағаштан жасалып, табан бөлігі қалың былғарымен қапталады. Атақты шеберлер Д.Шоқпарұлы мен А.Құмаровтың қолынан шыққан адырнаның бірнеше түрі Ықылас атындағы музейде сақтаулы.

Абыз асатаяқ

Қазақ халқының ежелгі музыкалық аспаптарының бірі болған асатаяқты абыздар мен бақсылар ұстағаны жайлы деректер бар. Ұзындығы 110-130 см болатын аспапты сілку арқылы үн шығарады. Аспаптың басы күрек типтес келіп, оған шулы дыбыс шығаратын түрлі сылдырмақтар тағылады. Айта кетерлігі, асатаяқты қылқобыз бен даңғыра үніне қосып қолданады.

Желбуаздың жұмбағы

Қауашақ тәрізді қуыс етіп, тұрқы тұтастай көн теріден жасалатын аспап түрі – желбуаз. Екі кейде үш сыбызғы типтес түтікшелер орнатылып жасалатын үрлемелі аспаптың ашылып, жабылатын бөлек тығыншасы болады. Желбуаз жасалатын тері арнайы өңдеуден өтіп, кептіріледі. Аспаптың күңірене, күрсіне боздаған үні адамның тұла бойын түршіктіріп, түрлі сезім тудырады. Түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлының мәліметінше, аталмыш аспапты белорустар мен француздар әлі күнге дейін оркестрде пайдаланады.

Сақпан сыры

Қазақтың сілкімелі музыкалық аспаптарының бірі сақпан деп аталады. Өзіне ғана тән үні бар аспаптың ені 2-3 см болса, ұзындығы 10-15 см болып келеді. Ертеде үй тұрмысы мен мал шаруашылығында қолданылған аспап жұқа ағаштарды сымның немесе жіптің бойына тізу арқылы жасалады. Қойшылар дәл осы аспап көмегімен қой қайырса, шаруалар құстарды үркітуге пайдаланған. Шаруашылықтан бөлек әуенді сүйемелдеуге қолданылған сақпан бертін келе музыкалық аспап дәрежесіне көтерілді.

Үскірік пен ұран

Қазақ халқының ежелден келе жатқан үрлемелі аспаптарының бір түрі – үскірік. Аспаптың үні қаһарлы қыстың боранды желін көз алдыңа әкеледі. Сыртқы сипаты сазсырнайға ұқсайтын бұл аспаптың тастауық, ұран секілді бірнеше түрі кездеседі. Аталған аспаптардың ішінде үскірік, сазсырнай, тастауық қыштан күйдіріліп жасалса, ұран аспабы ағашты қақ бөліп, өзегі алынып жасалады. Іші қуыс ағашты қайта біріктіріп, сыртқы бөлігі қайыспен қапталады. Тарихи деректерде үш саңылаулы қос түтікшеден тұратын ұран аспабын әскери жорықтарда қолданғаны жайлы айтылады.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!