Қызылорда қалалық «Жастар» театрының жылжабар жаңалығы – америкалық продюсер, режиссер Кен Людвигтің «Бикештер» музыкалық комедиясы болды. Өткен аптада репертуары жаңа туындымен толыққан театр өнерпаздарының қойылымына арнайы барып, жастар театрының кезекті бастамасына тілектестік білдірдік.
Премьера алдында БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз жиыны өтті. Театр директоры Нұрмат Мансұрдың айтуынша, 2016 жылдан бері үйірме ретінде жұмыс жасап келген орталық жыл басында өз еншісін алып, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты театр болып ашылған. Ал қойылымның қоюшы режиссері Берік Ахмед шығарма комедия жанрында болғанымен, көкейге ой саларлық тұстары аз емес екенін жеткізді.
Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов құрамның бүгінге дейін республика көлеміндегі жетістері мен сахналаған туындылар жайында сөз қозғап, барлығы өз ісінің шеберлері, әбден төселген жастар екенін тілге тиек етті. Арнайы жиыннан соң жас театрдың өнерпаздары жыл басынан бергі сахналағалы тұрған 5-ші қойылымды тамашаладық.
Оқиға желісі былай өрбиді… Пенсильван еліндегі Йорка қаласында тұратын Флоренс Снайдер ханым өзінің әпкесінің балалары Максин мен Стефаниге іздеу жариялап, оларға байлығының көп бөлігін мұраға қалдыратынын хабарлайды. Мұны естіген Лео мен Джек есімді театр әртістері осы байлыққа ие болғысы келіп, мұрагер Максин мен Стефани есімді бикештердің рөлін шебер бейнелейді. Айналасындағылардың сеніміне кірген екі жігіт әу баста байлықты көздеп келгенімен уақыт өте барлығы күрт өзгереді. Яғни, Лео, Флоренс ханымның қызы Маргаретті, ал Джек үй қызметшісі Одриді ұнатып қалады. Осылайша бақыттың байлықтан да қымбат екенін түсінген олар бар шындықты мойындайды. Ал байлықты иеленгісі келетін шіркеуші Дункан мен дәрігер Майерс те бастарынан түрлі оқиғаны өткізеді. Дегенмен соңында барлық байлық Флоренс Снайдер ханымның күтушісі, қарапайым Анджелинаға қалады.
Міне, осындай оқиғаны суреттеген жастар сезім мен сенім, махаббат пен қызғаныш, адалдық пен мейірімділікті шебер жеткізе білді. Үлкен ізденістің арқасында жоқтан бар жасап, жанашырлық таныта білгендері көрерменнің көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөленді.
Кеш соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов қойылымға оң бағасын беріп, жас театрдың алдағы күндеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ театр директоры Нұрмат Мансұрға Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованың арнайы «Құттықтауын» табыс етті.
Айта кетейік, «Бикештер» қойылымның қоюшы суретшісі Жарқынбек Қосбаев, балетмейстер Арман Серікбай, дыбыс операторы Нұртөре Жүсіп және жарық операторы Арубай Мейрамбек. Ал сахналған әртістер – Мұхамед Әлиханов, Толғанай Аманкелді, Азамат Жұмахмет, Қуаныш Әбілқасым, Зарина Ерболқызы, Мақсат Серіков, Аружан Серікқызы, Нұрдәулет Әбдіқаппар мен Гүлайым Мірайдар.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!