Бүгін Өнер орталығында Әзірбайжан классигі Үзейір Ғаджыбековтың «Аршын мал алан» комедиялық опереттасының тұсаукесері өтті. «Аршын мал алан» комедиялық опереттасы Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Сыр елінде тұңғыш рет сахналанып отыр. Музыкалық кешке Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қазбекова Мира Жомартқызы, зиялы қауым және рухани саланың өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Көрерменге бұрыннан таныс болса да, Сыр топырағында алғаш рет сахналанған мюзиклде сол замандағы қоғамдағы теңсіздік, бай-кедей арасындағы таптық айырмашылық пен махаббат иірімдері сынды өзекті мәселелер комедиялық жанрда көрініс тапқан. Бауырлас елдің танымал шығармасында ең ұлы махаббат сезімінің материалдық құндылықтан биік екендігі насихатталып, қос ғашық Әскер мен Гүлчехраның махаббат хикаясы суреттелген әуезді қойылым көрермендерге ерекше көңіл-сүй сыйлады. Жас болса да талантты актер Батырхан Амангелдиев пен Халықаралық байқаулардың лауреаты Аружан Төреғали өз образдарын шынайы жеткізе біліп, жиналған жұртшылықтың қошеметіне ие болды.
– Біз үшін шынында жаңа дүние, тың шығармашылық жұмыс болды десек болады. Дайындықтың әрбір сәті, қиындықтар мен қызықтар, жақсы нәтижеге талпыныс – бүгінгі күнге дейінгі еңбектің бір бөлігі ғана. Барлық қойылыммен жұмыс жасаған шығармашылық топқа алғысымызды білдіреміз. Халықтың көңілінен шығады деген ойдамыз, – дейді қос әртіс.
Бүкіләлемдік өркениет тарихында түркі әлемінің рухани мұрасына айналған музыкалық қойылымға Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының режиссері Евгения Пермякова режиссерлік етті.
– Маған музыкалық опереттаға қоюшы режиссер болуға ұсыныс түскен сәтте қуана-қуана келісімімді бердім. Әрине, дайындық сәтінің өз қиыншылықтары болды. Өте қысқа уақытта осындай керемет туынды жасап шығу оңайға соқпады. Оперетта – вокал, би және актерлік шеберлік секілді үш өнердің біте қайнасуы. Осындай үлкен өнерді, сіздер үшін жаңа жанрды ойдағыдай алып шыққан жергілікті әртістерді бүгінгі премьерамен құттықтаймын, – дейді Евгения Михайловна.
Оперетта облыстық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Кеш соңында өнер өкілдерінің құрметіне орай аймақ басшысының ықылас гүлі табысталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!