«Еңлік-Кебекте» Кебекті, «Аладдинде» джиннің, «Бикештерде» Леоның рөлін сомдаған біздің Мақсатты танисыз ба? Иә, өнер үлкен еңбек пен шыдамдықты талап ететін сала. Соның ішінде көптің жүрегін жаулаған орын – театр. Мұнда уақыт өткізу үшін емес, рухани құндылыққа толып, сезімге ерік беру үшін келетініміз жасырын емес. Кейінгі кездері бұл сала көрермен арасында танымалдыққа иеленіп жүргенін жоққа шығара да алмаймыз. Осы орайда Жастар театрының әртісі, труппа жетекшісі және «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері – Мақсат Серіковті әңгімеге тарттық.
– Театр әлемінде жүргеніңізге қанша жыл болды? Бала кездегі арманыңыз актер болу ма еді? Өнер жолын таңдауыңызға не себеп?
– Театрда жүргеніме 7 жыл болды. Шыны керек, актер болу бала күнгі арманым емес. Балалық шақта мүлдем басқа салаларды қиялдадым. Кәсіби футболшы болуды мақсат еткен кездерім де есімде. 9-10 сыныптарда өнерге деген жақындығым байқала бастады. Бойымда жүргізушілік қабілет оянып, түрлі мектепішілік концертті тізгіндедім. Кейін мектебімізде театр үйірмесі ашылды. Сол жердің сахнасында алғашқы рөлімді сомдадым. Осы сәт менің болашақ мамандығыма үлкен бетбұрыс жасады. Отбасы тарапынан кескілескен қарсылық болған жоқ. Тек «Бұл саланың қиындығы көп, шынымен саған керек пе?» деген секілді алаңдаушылық білдірді. Олар менің таңдауымды құптап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

– Сахнаға алғаш шыққан кезіңіз есіңізде ме? Ол жерде қандай әсер алдыңыз?
– Иә әрине, ол сәт ешқашан ұмытылмайды. 2019 жылы алғаш рет кәсіби сахнаға шықтым. Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызылорданың қыздары» комедиялық спектаклінде көпшіліктің қатарында болдым. Сол күні ерекше қобалжу мен толқыныс болды. Қаншама көрерменнің алдында өнер көрсету олардың назарын сезіну үлкен жауапкершілік екенін ұқтым.
– Театрда ойнаған сүйікті рөліңіз қандай?
– Мен үшін әр рөлдің орны бөлек, «мынау ең сүйіктісі» деп бөліп айту қиын. Дегенмен жаныма жақын бірнеше образым бар. Мәселен «Еңлік-Кебек» драмасындағы Кебек рөлі. Бұл образда жас Кебектен ержүрек, батыр Кебекке дейінгі қалыптасу кезеңі, оның ақылдылығы мен махаббатқа деген адалдығы мені қатты баурады. Сондай-ақ, «Бикештер» қойылымындағы Лео Кларк рөлін ерекше атар едім. Ол жерде кейіпкердің әртіс болып сахнаға шығуы, ақша табуы, әйел бейнесіне енуі – Кларкты басқалардан ерекшелейді. Сондайақ, балаларға арналған «Аладдин» ертегісіндегі Джин бейнесі де сүйікті рөлдерімнің қатарында.
– Театр және кино актерлерінің арасында үлкен айырмашылық бар. Театрда екінші дубль жасауға мүмкіндік жоқ. Сөзден жаңылысу немесе ұмытып қалған жағдайлар болды ма?
– Тым жиі деп айта алмаймын, бірақ болып тұрады. Егер сөзді ұмытып қалсам, мағынасын бұзбай, өз сөзіммен толықтырып, жағдайдан шығып кетуге тырысамын. Бастысы – табан астында сөз тауып, көрерменге жағдаятты білдірмеу. Ұстаздарыма деген алғысым шексіз. Себебі олардың берген тәлімінің арқасында импровизацияны жақсы меңгердім.

– Сіз үлгі тұтатын актерлер бар ма?
– Әрине, өнер жолында бағыт-бағдар беретін тұлғалар бар. Кино саласында да, театр саласында да шеберлігіне тәнті болатын ағаларымыз бен әпкелеріміз жетерлік. Өзім театр актері болғандықтан, Алматы, Астана және туған жерім Қызылорда театрының майталман әртістерінің ойынын қарап, олардан үлгі алуға тырысамын.
– Қаламыздағы театр мәдениетіне көзқарасыңыз қандай? Көрермен тарапынан қолдау бар ма?
– Қазіргі таңда театр мәдениеті жақсы дамып келеді. Осыдан біраз жыл бұрын көрермен аздығы сезілетін. Ал қазір театрға келетіндердің қатары көбейді, тіпті тұрақты көрермендер қатары пайда болды. Біз бұл бағытта әлі де жұмыс істеп жатырмыз. Театр – рухани демалыс орны деп айтамыз, сол себепті жарнама мен ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, жастарды тартуға көңіл бөліп келеміз.

– Жұмыс барысында болған бір қызық оқиғамен бөліссеңіз…
– Қызық оқиғалар өте көп. Олардың бірі – Кен Людвигтің «Бикештер» қойылымын қойған кезде болды. Мен байқаусызда сахналардың реттілігін шатастырып, әріптестерімді сарбалаңға түсірдім. Олар болса келеңсіз оқиғаның ортасына түсті. Жалпы жұмыс барысында қызықтар өте көп болды. Бірақ есімде ерекше сақталып қалғаны осы. Себебі оның себепкері – мен. Бірақ сондай қиын сәтте бір-бірімізге демеу болып, қойылымды аяқтап шықтық. Мұндай оқиғалар актерлік құрамды біріктіре түседі.
– Сахнаның өз мәдениеті мен ережесі болатыны заңдылық. Бұл күнделікті өміріңізге қалай әсер етеді?
– Актер болған соң кейіпкеріңнің мінезі мен болмысын бойыңа сіңіріп алатын кез болады. Кейде тіпті күнделікті өмірде де сол кейіпкердің сөздерін айтып жүргеніңді байқамай қаласың. Рөлге қатты берілгенде, кейіпкердің тағдырымен «ауыратын» сәттер де болады. Көрерменнің біздің образымызға сенгені – біз үшін ең үлкен мақтаныш. Мәселен «Қыз Жібек» фильмінде Бекежанды ойнаған Асанәлі Әшімов ағамызды халық кейіпкері үшін жек көріп кеткен ғой. Сондай жағдайлар өз басымнан да өтті. Көрермендер «Сен шынайы өмірде де сондай ма едің?» деп сұрап жатады. Бұл кезде менде мақтаныш сезімі басым. Демек, рөлімді шынайы жеткізе алдым деген сөз. Көрерменнің жүрегіне жол тапқанда ғана мақсатымыз орындалады.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!