Екі күн ғана қалды… Үлгеріңіз, театр сүйер қауым! Бүгін «Шырмауық» моноспектаклі мен «Шанель №5» деректі драмасы, ал ертең «Құстар фестивалі» музыкалық қойылымы өтеді.

Бұл қойылымдардың орны бұрынғыдан өзгеше десек артық емес. Себебі Қызылордада алғаш рет театрішілік фестиваль өтіп жатыр. 16 наурыз басталған «Nartai Theatre Fest – 2026» 20 наурызға дейін жалғасады. Бес күнде үздік тоғыз қойылым ұсынылады. Мұның барлығын Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты − театр өнерінің дамуына серпін беру, көрерменге түрлі жанрдағы қойылым ұсынып, мамандар арасында тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Қатарынан бес күн өтетін мәдени шараның алғашқы үш күнінде көрермен «Абай» трагедиясын, «Кім?» мистикалық трейлерін, Э.Распенің «Мюнхгаузеннің әлемі» атты ертегісін, Ақбереген Елгезектің «Болмаған балалық шағын», «Ұсқынсыз үйрек» пен «Кездесу мен қоштасу» драмасын тамашалады. Ал жабылу рәсімінде арнайы номинациялар табысталады. Олардың қатарында «үздік ер бейнесі», «үздік әйел бейнесі», «үздік қойылым», «үздік актерлік ансамбль», «екінші пландағы үздік әйел бейнесі», «үздік балалар қойылымы», «үздік сценография» мен «үздік режиссер» номинациясы бар.

Алматыдан арнайы келген сарапшы, өнертану докторы, профессор Бақыт Кәкиқызы театр ұжымының еңбегі мен жетістігін тілге тиек етіп, фестивальдің жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін айтты. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты Зухра Исламбаеваның айтуынша, мұндай фестивальдер театр ұжымы үшін өте маңызды.

«Nartai Theatre Fest – 2026» шақырады!

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!