Жақында «Тұмар» баспасынан «Қазақстан – татар баспасөзінде» атты монография жарық көрді. Монография авторы – Қызылорда «Болашақ» университеті филология, журналистика және тарих кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты А.А. Еңсепов.
Монография 3 тараудан тұрады. Кітап Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, професссор К.Л. Есмағамбетовтың бұрын жазылған алғы сөзімен басталады.
Бірінші тарау ХХ ғасыр басындағы татар баспасөзінің қалыптасуы мен дамуы және оның қазақтар арасындағы ықпалына арналған. Бұл тарауда татар тіліндегі мерзімді басылымдардың қалыптасып, дамуы және олардың идеялық ұстанымдарындағы ерекшеліктер, татар баспасөзінің таралу ауқымындағы Қазақстан және қазақ-татар баспасөздері арасындағы байланыстар дәйектеледі. Елдегі татар баспасөзінің дамуына әсер еткен геосаяси, әлеуметтік және мәдени факторлар ескеріліп, ХХ ғасырдың басындағы тарихи алғышарттар белгіленеді. Татар тіліндегі мерзімді басылымдардың идеялық ұстанымдары талданып, жарияланымдардың сол кездегі саяси, әлеуметтік және мәдени үрдістерді қалай бейнелегені зерттеледі.
Екінші тарауда патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің татар баспасөзінде көрініс табуы дәйектелген. Тарау Бірінші орыс революциясы тұсындағы қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау жолындағы күрестің екпін алуы мәселелеріне арналған.Бірінші орыс революциясының тарихи контекстін және оның Қазақстандағы әлеуметтік-саяси динамикаға әсерітолық зерделенген. Қазақ халқының революциялық оқиғаларға реакциясын қолдайтын және қарама-қарсы көзқарастар ескере отырып талданған. Бірінші орыс революциясы кезіндегі қоғамдық-саяси өзгерістерді татар баспасөзі қалай көрсетіп, қалай жариялағаны зерттелген.
Соңғы тарауда татар баспасөзінің 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсындағы Қазақстан тарихын зерттеудегі деректік маңызы қарастырылады. Тарау Уақытша үкімет жағдайындағы саяси-әлеуметтік ахуал, Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметінің жариялануы мәселелерін айқындайды. Уақытша үкімет тұсындағы Қазақстандағы саяси-қоғамдық жағдайды татар баспасөзінде жариялануына талдау жүргізілген. Татар тіліндегі басылымдарда патша өкіметінің құлауынан туындаған өзгерістерге жергілікті халықтың ұмтылысы, үрейі мен реакциясы анықталады.
Жалпы ХХ ғасырдың басындағы татар баспасөзінің қалыптасуы мен дамуы, оның қазақтар арасындағы ықпалы тарихи өзгерістер кезеңіндегі түрлі этностық және тілдік қауымдастықтың өзара қарым-қатынасын айқындайтынқызықты тақырып. Монографияда мәселелерді жан-жақты түсінуді қамтамасыз ету үшін мұрағаттық материалдар, сол кезеңдегі газеттер мен басқа да жарияланымдар алғашқыдереккөздер ретінде пайдаланылған.
Монографияға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Т.Я. Сәтбай, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті К.М. Ильясова және Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Еспенбетова пікір білдірген. Оқырманға ұсынылған монографияның ғылыми редакторы – «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө. Насимов.Келесі аптада монографияның тұсаукесері Қызылорда «Болашақ» университетінің кітапханасында өтеді.
«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!