Сыр өңірі – көне ескерткіштерге бай өлке. Солардың ішінде өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін, көпқабатты құрылыстары бар, археологтар тарапынан көп зерттелген Жетіасар ескерткіштерінің орны бөлек. Жетіасар ескерткіштері Қызылорда облысының Сыр- дария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының аймағы мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің жолында шоғырлана орналасқан. Осыған орай, Сыр бойында Жетіасар мәдениетіне жататын қалашықтар жиынтығы қалыптасқан. Жетіасар – әлемдік тарихта ойып орын алған бірегей мәдениет.

Жетіасар қалаларын археологиялық тұрғыда кешенді зерттеу жұмыстары 1946-1991 жылдар аралығында Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы тарапынан жүргізілді. «Жетіасар мәдениеті» деген атаумен белгілі қаңлы, ғұн дәуіріне жататын ескерткіштер жиынтығы Сырдарияның төменгі ағысы бой- ында орналасқан ескерткіштер ретінде ғылыми айналымға енді.

1971-1991 жылдары Хорезм экспедциясы Л.М.Левинаның жетекшілігімен Жетіасар ескерткіштеріне зерттеулер жүргізіп, Алтынасар, Томпақ асар және Бидайық асар қалалары және обаларына кешенді қазба жұмыстарын ұйымдастырды.

1973 жылы Л.М.Левинаның жүргізген археологиялық экспедициясы нәтижесінде Жетіасар мәдениетіне жататын Бидайық асар қалашығының төртінші бекіністі дәліз бен оның баспалдағынан, ІІ құрылыс кезеңінің 9 мәдени қабатынан сыртында ойылып салынған суреттері бар белгісіз ағаш бұйымдары табылған.

Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану әдістемелік ғылыми кеңесінің шешімімен 2018 жылы «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» атты кітап-альбом дайындау мақсатында арнайы жоба қолға алынды. Сыр өңірінен табылған жәдігерлерді жинақтау үшін РФ ғылыми мекемелеріне іс-сапарлар ұйымдастырылды. Phd доктор, археолог ғалым Әзілхан Тәжекеев РФ Шығыс музейінде сақтаулы Жетіасар ескерткіштерінен табылған ағаш бұйымдарға зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде, Бидайық асар қалашығынан табылған ағаш бұйымдардың музыкалық аспап – «қоссаз» домбырасының бөлшектері екені анықталды. Осы күнге дейін «белгісіз ағаш бұйымдары» ретінде сақталып келген археологиялық артефактілер Әзілхан Тәжекеев тарапынан ғылыми зерттеліп, құрастырылып, әу бастағы тұрпаты анықталып, музыкалық аспап ретінде жаңадан тыныс алды.

«Қос мойынды» немесе «қоссаз» домбыра біздің заманымыздағы IV ғасырмен мерзімделеді. Бұл – әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың бірі. «Қоссаз» домбыра төрт құлақты, төрт пернелі, қос мойынды келген. Ә.Тәжекеев музыкалық аспапты құрастыру барысында аспаптың шертер мен домбыраның қосындысы болуы мүмкін деген тұжырым жасап отыр.

Шертер – қазақтың көне музыкалық аспабы. Шертіп ойнау тәсіліне байланысты шертер деп аталған. Ол екі немесе үш ішекті болып келеді. Ертедегі шертерлер ағаштан ойылып, шанағы көнмен (терімен) қапталып жасалған. Дыбыс күші қапталған терінің жұқа-қалыңдығына, ішегінің жуан-жіңішкелігіне байланысты өзгеріп отырады. Жалпы тұрқы – 650-750 мм. Ойнау тәсілі домбыраға жақын болғанымен, жасалу жағынан қылқобызға ұқсайды.

Қазіргі таңда түпнұсқасы Ресейдің Шығыс музейінің қорында сақтаулы тұрған «қоссаз» домбыраның көшірмесі бүгінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қасиетті Қазақстан және археология» залында орналасқан. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаевтың қолдауымен Сыр елінің ұста-шебері, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Бекзат Жақыпов «қоссаз» домбыраның көшірмесін жасады.

«Қоссаз» домбыраның жалпы ұзындығы – 65,5 см. Шанағы тегіс табанды, ұзындығы – 25,5 см, биіктігі – 3 см, қалыңдығы – 0,5 – 0,6 см. Шанақ қақпағы сақталмаған. Шанағының сыртында тазының, белгісіз аңның, қасқыр, ақбөкеннің, қара құйрықтың ойылып салынған суреттері бар. Ішегі байланатын түймесінде тесігі сақталған, түйменің көлемі – 1,5х1,3 см.

Мойны басымен қоса есептегенде ұзындығы 40 см, шанағына қосылар тұсының ені – 4 см, басы жағында – 3 см т е ң . Биіктігі – 3 см. Мойнының да беткі қақпағы сақталмаған, іші қуыс болып келген.

Басы жартылай дөңес, ұзындығы – 6 см, ені – 3 см. Ішегі мен құлағы байланып бекітілетін екі тесігі бар. Екінші мойны сақталмаған, бірақ өлшемдері бірдей екінші басы бар.

Құлағы екі мойынын қосып, ішектерді тартып тұратындықтан құрылымы күрделі болып келеді. Ұзындығы – 13 см, екі басы болған, бірақ біреуі ғана сақталған. Басында бір тесігі және құлақтың дәл ортасында бір тесігі бар. Құлағының домбыра басына бекітілген тұсы 1 см-ге дейін ойылып жонылған, ал ортасының ұзындығы – 7 см, ені – 1,8 см. Орта тұсы бір жағы бір, ал екінші жағы екі қырлы болып келген.

«Қоссаз» домбыраның сыртқы тұрпаты шертерге ұқсайтындығын көруге болады. Ішектерінің қыл, мойнының қысқа болуы қобызға көбірек жақындатса, ойнау әдісі мен мойнының түзу болуы домбыраға жуықтайды. Бұған қарап, шертер домбыраның да, қобыздың да арғы тегі емес пе екен деген ой туады. Шертерге бет қақпақ салу, перне тағу кейінгі жылдардың жемісі.

Шертерде домбыра мен қобыздың элементтері астасып жатса, «қоссаз» домбырада шертер мен домбыраға тән белгілер кездеседі.

Домбыраның тарихы әріде жатса да, ХІХ ғасырдан бастап қазақ аспаптарының патшасы танылды, яғни пайдалануда кең етек алды. Көп тараған аспап болғандықтан, пішінінде көптеген аймақтық ерекшеліктер бар. Мысалы Батыс Қазақстан домбырасының мойны ұзын, диапазоны 2 октава, ал Шығыс Қазақстан домбырасының мойны қысқа, диапазоны 1,5 октава.

Музей қорында сақтаулы «қоссаз» домбыраның ықшамдылығы, мойнының қысқалығы шертерге келеді десек, беткі қақпағының бо- луы және оның ағаштан жабылуы домбыраға келетіндігін аңғартады.

Ғалым мен шебердің бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде құнды жәдігер – «Қоссаз» домбыраның екінші ғұмыры басталды. Ғалым Ә.Тәжекеев ғылыми тұрғыда зерттеліп, нақтыланған деректер мен аспаптың өлшемдерін көрсетіп шеберге ұсынса, шебер Б.Жақыпов ғалым көрсеткен деректерді негізге ала отырып, қарағай ағашынан ою, жону, тегістеу, жапсыру, бекіту әдістері арқылы реконструкциясын жасады.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерінің ғылыми зерттеулері нәтижесінде музей қоры қазақ тарихында болған, тұрмыс-тіршілігінде пайдаланылған, қазіргі таңда ұмыт қалған, сәйкесінше халық қолында сақталмаған көне жәдігерлермен қайта жаңғыруда. Мысалы жастықағаш, аша домбыра, ортеке, неке кесесі, шашқап, Сыр өңіріндегі әулие-әмбиелердің, ахун-ишандардың, батырлар тұтынған мөр көшірмелері т.б. жәдігерлер реконструкцияланып, қайта жасалды. Аталмыш жәдігерлердің қатарында «қоссаз» домбыра да археологиялық мұра ретінде Ә.Тәжекеев мәліметтерінің негізінде қайта жасалып, өткен тарихтың көзі ретінде Сыр халқы назарына ұсынылып отыр. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі археолог-ғалымдар жұмысының жандануына, тарихи жәдігерлердің қайта жаңғыруына көмек көрсетіп келеді.

Баба домбыра туралы Израиль және Англияның газет-журналдарында зерттеулер жарияланды. Шетел ғалымдарының Сыр өңірінен табылған музыкалық аспапқа қызығушылығы зор. Норвегиялық доктор, музыкалық аспаптарды зерттеуші-археолог Гьермунн Колльтвейт Ә.Тәжекеевпен өзара ғылыми байланыстар орнатып, ғалымның қазақ тіліндегі мақаласын ағылшын тіліне аударып, өз зерттеулерінде пайдалануға рұқсат алды. Норвегиялық археологтың зерттеулері бойынша қоссаз домбыра Еуропада кең тараған музыкалық аспап – лираға ұқсайтындығы анықталды. Нәтижесінде, Гьермунн Колльтвейттің «Scientific journal»-да: «Жібек жолы бойындағы технологиялардың трансфері: бұл ежелгі лира жаһандық болды» атты мақаласын жариялады.

«Сыр елі – жыр елі» десек, Сыр өңірінде қалыптасқан сүлейлер мектебінің әріде жатқандығын «қоссаз» домбыра дәлелдеп отыр. РФ Шығыс музейінде сақтаулы 700-ге жуық ағаш бұйымның фрагменттері әлі де зерттеліп, бәлкім б.з. IV ғасырынан мәлімет беретін басқа да музыкалық аспаптар шығуы мүмкін. Ғылыми зерттеулер музыкалық аспаптар коллекциясын ұсынатынына сеніміміз мол.

Ұлпан ШАҒАН,
Қызылорда облыстық
тарихи-өлкетану музейі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!