«Сабақтан қашқан кім? Сөмкеге бақа салып қойған кім?» Қазақ киносының алтын қазынасына айналған «Менің атым – Қожа» фильміне биыл – 62 жыл. Кеңес дәуірінде түсірілген бұл туынды балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақпаевтың повесі негізінде таспаланып, қалың елдің сүйіспеншілігіне бөленген еді. Алдағы уақытта көрермен «Қожа. Жаңа саяхат» фильмін тамашалай алады.
Жаңа фильмнің басты ерекшелігі – оның түпнұсқа оқиға желісін қайталамай, жаңа заманға сай жалғасын ұсынуы. Көрерменнің есінде балалықтың символы болып қалған Қожа енді қалай бейнеленбек?

Киноның басты кейіпкерін сомдауға Түркістан облысында туған 15 жастағы Айқын Елубай таңдалған. Оның түр-әлпеті ғана емес, жүріс-тұрысы, мінезі де 1963 жылғы Қожаға қатты ұқсайды. Бұл сәйкестік шығармашылық топ үшін үлкен олжа болды. Ал Айқынның өзі алғашында әншілердің бейнебаяндарына түскен қарапайым бала еді. Алайда «Қожа» рөлі оны кәсіби кино әлеміне жетеледі.
– Басында кино оңай деп ойлайтынмын. Бірақ түсірілім барысында оның қаншалықты күрделі процесс екенін түсіндім, – дейді жас актер сұхбатының бірінде.

Фильмнің түсірілуіне оқыту орталығы себепкер болған. Бастапқыда олар балаларға арнап «Менің атым – Қожа» фильмінің эпизодтарын шағын видеолар ретінде жаңғыртқан. Алайда көрермен тарапынан үлкен қызығушылық туындап, толық метражды фильм түсіруге сұраныс арта түсті. Осылайша, 1,5 ай ішінде 1,5 сағаттық жаңа кино таспаланған.
– Ең алғашқы шағын роликтеріміз бір күнде миллионнан астам қаралым жинады. Екі күннің ішінде 2 миллионнан асып, көрермендер «Толыққанды фильм қашан?» деген сұрақты жиі қоя бастады. Осыдан кейін біз жобаға кірісіп кеттік, – дейді шығармашылық топтың жетекшісі Садық Шерімбет.
Режиссер Қуат Ибрагим сұхбаттарының бірінде фильмді түсіремін деп айтқаннан кейін 2 айға жуық ұйықтай алмағанын жасырмады. Расымен, бұл – үлкен жауапкершілік. Себебі «Менің атым – Қожа» қазақ киносының биік туындысы ғана емес, сонымен қатар бірнеше буынды тәрбиелеген фильм.

Ал сіз Қожаның шынымен де бақаны жұтып қойғанын білесіз бе? Бұл туралы фильмдегі Сұлтанды сомдаған Марат Какенов «Таңшолпан» бағдарламасында айтқан еді. Туынды 1957 жылы жазылып, 1963 жылы кино-картина болып экраннан көрерменге жол тартты. Ал 1967 жылы «Менің атым – Қожа» француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алды.
Ендігі сауал, бұл фильм көрерменнің көңілінен шығып, жаңа буын үшін Қожаның образын қайта жаңғырта ала ма? Бұл сұрақтың жауабы 13 наурызда белгілі болмақ. Ал сіз, оқырман, Қожамен бірге жаңа саяхатқа дайынсыз ба?
Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!