Қарапайым ақ параққа жан бітіру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Ал киімге, тіпті тазалық құралдарына сурет салып, оны өнерге айналдыру – ерекше көзқарас пен таланттың жемісі. Бүгінгі кейіпкеріміз – TikTok желісінде миллиондаған адамның жүрегін жаулап, жұрт «Алдаров» деп танитын суретші Рауаж Жарылқасынов. Ол қылқаламның көмегімен ішкі сырын бөлісіп жүрген жан. Суретшімен шығармашылық жолы жайында ашық әңгіме өрбіттік.
– Сурет әлеміне алғаш қадам басқан сәтіңіз есіңізде ме? Өнерге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Жалпы өзіңіз туралы, қызығушылықтарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Аты-жөнім – Жарылқасынов Рауаж Жарылқасынұлы, әлеуметтік желілерде «Алдаров» деген лақап атпен танымалмын. Жасым 23-те. Қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Кескіндеме» (живопись) мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Жуырда үшінші курсты тәмамдадым.
Туған жерім – Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Ұлан ауылы. Қазіргі таңда отбасыммен бірге осы ауылда тұрамын. Отбасымызда бес адамбыз. Күн сайын ауылдан қалаға қатынап оқимын. Сонымен қатар Алматы қаласындағы балаларға арналған ойын-сауық паркінде оператор болып жұмыс істеймін. Сурет – мен үшін мамандық қана емес, рухани тынысым, жан дүниемнің көрінісі. Жалпы бала кезден шығармашылыққа жақынмын. Жай қызығушылықтан басталған бұл іс мені дара еткен өнер жолының бірі. Алғашында суреттерімді 12 беттік дәптерге салушы едім. Әркімнен дәптер сұрап, қарапайым қаламмен ойымдағы бейнелерді қағазға түсіретінмін. Осылайша бірте-бірте қызығушылығым сүйікті ісіме, өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті.

– Сурет салу біреуге хобби, біреуге ем, енді біреуге кәсіп. Ал сіз үшін қылқалам тек рухани ләззат па, әлде табыс көзіне де айналып үлгерді ме?
– Өте орынды сұрақ! Қазір сурет салу мен үшін – хобби, ем, терапия, өмір, шабыт, рухани тыныс әрі табыс көзі. Өнерсіз өзімді елестете алмаймын. Күлкілі естілетін шығар, алайда сурет салсам, өзімді тірі сезінемін. Әрине өнер арқылы аста-төк табысқа кенеліп жатқаным жоқ. Бірақ портрет жанрындағы тапсырыстар арқылы аз да болса нәпақамды тауып жүрмін. Портрет салу – мен үшін ерекше, себебі адамның ішкі әлемін бейнелеу, жан дүниесін қағазға көшіруді нағыз өнер деп білемін.
– Сіздің шығармашылық тәсіліңіз шынымен ерекше. Бірде ақ параққа, бірде киімге, кейде тіпті тұрмыстық тазалық құралдарымен сурет салады екенсіз. Шабыт көзін қайдан аласыз? Ал өнер жолындағы ұстазыңыз, кумиріңіз кім?
– Мен – өз бетінше үйренген суретшімін. Не бар, қолымнан не келеді – сонымен сурет саламын. Құрал талғамаймын. Көргенімді жасап көремін. Осылайша тәжірибе жинап жүрмін. Қазірдің өзінде сурет салуға қатысты сан түрлі идеям бар. Шабытты әкемнің даналық сөзінен, жүрегімдегі махаббаттан, айналамдағы шапағаттан аламын. Ал еліктейтін, ерекше шабыттандыратын тұлғам – Винсент Ван Гог. Оның туындылары маған идея мен шабыт қана емес, энергия сыйлайды. Ол – менің өнердегі шынайы кумирім.

– «TikTok» бүгінде көптеген жас өнерпаздың өзін танытуына жол ашқан үлкен алаңға айналды. Бұл платформамен таныстық қалай басталды? Жұмыстарыңызды көпшілікке ұсыну туралы ой қалай пайда болды?
– «TikTok» желісі туралы алғашында сыныптастарым айтты. 2020 жылы бірінші видеомды жүктедім. Бастапқыда видео түсіріп, көпшілік алдында сөйлеу маған қиын болды. Алайда оқырмандарымның қолдауы мен достарымның мотивациясының арқасында бүгінде үш парақшам бар. Біреуінде – бір миллион, екіншісінде – 361 мың, үшіншісінде – 9 мыңға жуық оқырман. Бұрыннан өз еңбектерімді көпшілікке көрсеткім келетін. Tik-Tok желісі – менің сол арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берген платформа.

– Нағыз өнер туындысы тек бояу мен сызық қана емес, өмірдің өзін бейнелейтін үнсіз тіл. Сіз сурет арқылы көрерменге қандай ой жеткізгіңіз келеді?
– Дұрыс айтасыз. Көптеген суретші өз туындысы арқылы тарихта із қалдырып, бейнелеу өнерін насихаттап, мәнін танытқысы келеді. Ал мен осы өнер арқылы, ең алдымен, өз есімімді тарихта қалдырсам деймін. Екіншіден, елімізде бейнелеу өнерінің маңызын көп адам әлі де терең түсіне бермейді. Сол себепті сурет өнерінің қандай әлем екенін, оның артында қанша еңбек жатқанын көрсеткім келеді. Бұл – үлкен еңбек, үлкен әлем. Оны бағалап, түсіне білсе екен деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!