«Анаға тағзым» орталығында өткен «Брендке бір қадам» көрмесінде резин арт картиналары көздің жауын алды. Бояуы да, өзі де ерекше туындылардың авторы – Айдана Әбілханқызы. Алғашқы тілдесуіміз тапсырыстың көптігінен басталған. Дегенмен «Картинаны асықпай саламын. Жаңасын бастарда байыппен қарап, әр детальға мән беріп, шын ниетпен кірісемін. Сонда ғана оның құндылығы артатын секілді. Тапсырыс саны емес, сапа маңызды» деген шебердің сөзінен кейін туындының тартымды болу себебін ұғына түстік.
Бұл кәдімгі картина емес. Елімізде енді ғана танылған резин артты кейіпкеріміз шетелдік шеберлерден үйреніпті. Нархоз университетін үздік аяқтаған Айдана алғашында студенттерге диплом, курс жазу бойынша көмек көрсеткен. Білімді бойжеткенге диплом жазу бойынша тапсырыстың көбейгені сондай, арнайы сала бойынша мұғалімдердің басын қосып, табысты бизнеске айналдырады. Жұмысты нәтижелі орындап, миллиондап қаржы тапқанымен, «бұл еңбек адал болып санала ма?» деген ой бұл кәсіпті тоқтатуына себеп болады. Осылайша шетелдік шеберлердің резин арт туындыларымен танысып, Қазақстанда жасап көруге шешім қабылдайды. Алғашында «мұндай қымбат дүниені біздің елде ешкім алмайды» деушілер көп болғанымен, ерекше дүниеге қызығатындар саны аз емес екен.
Айдананың айтуынша кәсіп бастарда адамның ниеті маңызды.
– Жолдасым екеуміз қаладағы әлдебір үйдің іргетасы құйылғаннан бастап қызықтық. Жанынан өткен сайын үйімізді осылай салайық деп жоспарладық. Зәулім ғимарат аз уақытта бой көтерді. Бұл резин артты жаңа бастаған уақытым. Бірде үлкен картинаға тапсырыс түсіп, қоныс той болатын үйге жеткізіп беруімді сұрады. Картинаны дайындап, үйге жете бергенде таңғалдым. Оны өзім ерекше қызығатын үйге дайындаған екенмін. Адамның ниетіне орай Алла да істің ыңғайын келтіреді. Сондықтан әр туындыны махаббатпен жасаймын, – деді Айдана.
Эпоксидті шайырды бояуға араластыру арқылы дайындалатын резин артты сағат етіп те әзірлеуге болады. Алғашқы күні форма мен түстерді анықтап, гүл немесе тастармен безендіру арқылы дизайнын жасайды. Екінші күні әбден қатқан формаға сағат тілін, қуаттағышын орналастырады. Ең жақсысы, мұндай картинаны шебермен бірге өз қолыңмен жасап, алып кетуге болады. Көбіне Құран аяттары бар картина мен Қазақстан картасы бейнесіндегі сағаттарға тапсырыс көп екен. Бұл – өз қолымен құнды сый жасағысы келетіндерге таптырмас идея.
Кейіпкеріміздің айтуынша резин арт өнімдерін дайындау қиын емес. Креативті идея мен талғам болса жеткілікті. Тек дайындау кезінде химиялық қоспа қолданатындықтан, бетперде кию маңызды. Ал өнім кепкеннен кейін денсаулыққа мүлде зияны жоқ.
Қазіргі уақытта Айдана онлайн, оффлайн форматта оқыту курсын жүргізеді. Өткен жылы бұл бизнес түрі бойынша 2 миллионға жуық табыс тапқан.
«Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген осы. Жаңа салаға алғашқылардың бірі болып қадам басқан кейіпкеріміз шын ниеті, кәсіптегі тұрақтылығы арқылы еліміздегі креативті индустрияның дамуына үлес қосуда.
Айта кетейік, Айдананың жұмыстарын тамашалағыңыз келсе, әлеуметтік желіде @kz_decor_art парақшасына жазылсаңыз болады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!