Қазақ өнер әлемінде сыршыл поэзия мен әуезді әндердің сазын жазған дара талант иесі Елена Әбдіхалықова – еліміздің мәдениет кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнерпаздардың бірі. Ол – ақын, әнші-композитор ретінде ел жүрегіне жол тапқан «Біргемін мен сендермен», «Есіңе мені алғайсың», «Қазақ елі», «Сыр елі», «Жан жылуы», «Көздеріңе ғашықпын» секілді әндердің авторы.
Елена Әбдіхалықова Қызылорда облысында дүниеге келіп, өнерге деген қызығушылығы жас кезінде басталған. Ән өнерінің қыр-сырына қанығып, сазгерлік қабілетін шыңдай отырып, тыңдарман қауымның сүйікті авторы мен орындаушысына айналды. Өнерге адалдық пен ізгілік жолын ұстанған ол – бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енген көптеген әннің авторы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Елена Әбдіхалықовамен шығармашылық кеш алдында кездесіп, еліміздің және Сыр өңірінің мәдени-рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін Құрмет грамотасын табыстады.
– Шығармашылық кешіңіз ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толған мерейтойға, Қызылордамыздың төл мерекесі – қала күніне үлкен тарту болды. Сіз әрдайым туған топырақты, халқымыздың өр рухын жырға қосып, мәдениетіміз бен руханиятымызды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп келесіз. «Сыр елі – жыр елі» атанған өңірімізде өнерпаздарға қолайлы орта қалыптастыруға, өнерлі, дарынды жастарымыздың шығармашылығын шыңдауға бағытталған маңызды жобалар қолға алынған. Өнер адамдарын, мәдениет майталмандарын қолдауға әрқашан дайынбыз. Төл өнеріміздің туын биікте ұстап, көрерменнің зор құрметіне бөлене бергейсіз! Сізге мықты денсаулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Елена Әбдіхалықова көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, өңірдің мәдениет саласында атқарылып жатқан игі істерге жоғары баға берді.
Келесі кезекте өнер орталығында өткен «Сағыныш ғұмыр» атты шығармашылық кеште поэзия мен әуен үндескен рухани іс-шара көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл кеш – өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылық белестерін қамтыған, поэзия мен музыка тоғысқан сырлы іс-шараға айналды.
Сыйымдылығы мың адам болатын үлкен залда ине шаншар орын болмады. Тіпті тік тұрып тамашалауға да даяр қауым лек-легімен ағылып жатты. Сыр халқының талантты қызына деген шынайы сүйіспеншілігі мен сазына деген сағынышын осыдан-ақ бағамдай беруге болады.

Кеш шымылдығы поэзиямен түріліп, театр әртістері ақынның жүрегінен өрбіген өлеңдерін нақышына келтіре оқып, назарымызға шағын сахналық қойылым ұсынды. Әрбір өлең Елена Мәжитқызының шығармашылық болмысын ашып, көрерменді ойға жетеледі.
Сонан соң кеш иесі өзінің репертуарындағы бірнеше туындысын орындап, тыңдарманды сырлы саз әлеміне бойлатты. Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлымен бірге симфония оркестрінің сүйемелдеуімен елге кеңінен танымал туындыларын орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. «Сыр елім менің» әні кештің шарықтау сәтіне айналып, көрермен қауым зор қошеметін білдірді. Сондай-ақ, ол домбырамен «Көздеріңе ғашықпын» әнін нақышына келтіре орындап, ұлттық әуен мен нәзік сезімнің үйлесімін паш етті.
Кеш қонағы, қобызшы Шолпан Шарапатова қобыздың қоңыр үнімен көрерменді баурап, ұлттық музыканың сырлы әлемін сөйлетсе, әнші Арайлым Ибраева мен Дәурен Сейітжанов орындаған әндер көрермен жүрегінен орын алды.
Әнмен әдіптеліп, өлеңмен өрнектелген кеште автордың өз орындауындағы әндері көрерменді бір сәт терең ой мен сағыныш сезімін оятқандай. Кеш барысында көпшілік «Қазақ елі», «Сыр елі» сияқты кеңінен тараған әндерді қосыла шырқаса, «Анажан» әні көкейге сағыныш ұялатып, көзге жас үйірді. Ән мен жыр өрілген бұл кеш Елена Әбдіхалықованың шығармашылық жолындағы тағы бір жарқын белес болып, тыңдарман жүрегінде ұмытылмас із қалдырды.
Елена Мәжитқызының алғашқы сахнадағы қадамы 1986 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында өткен аудандық айтыстан басталған. Сол байқауда жүлдегер атанған жас өнерпаз мектеп кезінде-ақ аудандық «Алтын арай» ән-би ансамблінің белді мүшесі болып, түрлі өнер додаларында топ жарды. 1987 жылы облыстық ақындар айтысынан жүлде алып, өнерге деген құштарлығын одан әрі шыңдай түсті.

1991-2002 жылдар аралығында Елена Әбдіхалықова 60-қа жуық республикалық, 20-ға тарта облыстық және 5 халықаралық ақындар айтысында жеңімпаз атанды. Айтыс өнерімен қатар, ол жазба поэзиясында да өзіндік өрнегін қалыптастырған қаламгер. Оның «Қарашық», «Бақыт құсы», «Шынар көлі» атты жыр жинақтары жарық көрді. Бірқатар өлеңдері «Өлке» баспасынан шыққан жас ақындар антологиясына енген. Шығармалары республикалық басылым беттерінде үздіксіз жарияланып келеді.
Елена Мәжитқызы – елге танымал әнші әрі композитор. Оның «Есіңе мені алғайсың», «Сыр елі», «Маңғыстау», «Көздеріңе ғашықпын», «Сені көрдім», «Қош дерсің», «Аманат», «Қазақ елі», «Доспен қоштасу» секілді туындылары қазақ тыңдарманының жүрегінен берік орын алған. Елена жазған 60-қа жуық әнді Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы сынды белгілі әншілер орындап жүр.
2000 жылы «Есіңе мені алғайсың» атты аудио-ән жинағы, 2004 жылы «Қош дерсің…», ал 2010 жылы «Көздеріңе ғашықпын» атты компакт-дискілері жарық көрді. Өнер иесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ Түркия, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдегі қандастар алдында да өнер көрсетіп, ұлттық саз бен сөз өнерін насихаттап келеді.
Елена Әбдіхалықованың әндері сан түрлі байқауда да жоғары бағасын алған. Шығармашылық жолында 2001 жылы Қызылордада «Сыр елім менің», 2002 жылы Алматыда, 2004 жылы Астанада жеке шығармашылық кештерін өткізді. Сонымен қатар «Сыр сүлейлерінің жазба айтысы» атты зерттеу еңбегін жазып, осы тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады.
Өнер мен ғылымды қатар өрген Елена Әбдіхалықоваға 1996 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілсе, 2017 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен наградталды.
«Сағыныш ғұмыр» – Елена Әбдіхалықованың өнерге, өмірге, туған жерге деген сағынышы мен махаббатын көркем тілмен, сазды әуенмен өрген кеш ретінде жадымызда қалды. Сыр елі өнерпазын ерекше құрметпен қарсы алып, сахнадан төгілген әр әуенді ықыласпен қабылдады. Дәл осындай кеш – ұлттық өнердің, поэзия мен саздың мәңгі жасайтынын дәлелдейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!