Фото: Kazinform
Бірегей жобаға айналатын мұндай думанды еліміздегі театр актерлары бұрын-соңды жасамаған. Бұл туралы KAZINFORM ақпараттық агенттігі хабарлады.
Театр басшысы Арман Алиевтің айтуынша, мұз айдынында өтетін театрландырылған думанды қойылым жыл соңында көрермен назарына ұсынылады. Жаз айларында театр әртістері мұз үстінде конькиді еркін тебуді меңгеріп, бірнеше ай бойы дайындық жүргізеді.
«Қойылым 20 желтоқсан мен 13 қаңтар аралығында көпшіліктің назарына ұсынылады. Енді актерлар қарым-қабілетін шыңдап, театр сахнасымен қатар, мұз айдынында бағын сынап көреді. Бүгін оларға мұзда сырғанау оңайға соқпады. Бірақтан нәтижесі қуантарлық болатынына сенімді. Алдағы айдан бастап мұз үстінде толық құрам дайындыққа кіріседі», – деді Арман Алиев.
Ал, кешен басшысы Данияр Исабаев бұл келісімнің екі тарапқа да үлкен септігі тиетінін баяндады.
«Біз үшін тиімді жоба. Сондықтан ұсынысты бірден қабыл алдық. Мұздағы сырғанау мәдениеті елімізде енді қалыптастып келе жатыр. Біз жаттығулардан бөлек, арнайы түскі уақытта театр әртістерінің тыңғылықты дайындық жүргізуіне келісім бердік. Бұл қала тұрғындарын ғана емес, келуші туристерді де қызықтыратын жоба болады деп ойлаймын», – деді Данияр Исабаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!