Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен Қызылордада «Заң мен Тәртіп – ел тұғыры» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

Мөлдір Айтбай, Нұрмат Мансұров, Бексұлтан Орынбасаров сынды аймақтың жыр жүйріктері бас босқан рухани шарада заң үстемдігі, әділдік пен адалдық туралы құнды ойлар көркем тілмен жырланды. Шараны үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов тізгіндеді.

Айтысқа арнайы қатысқан Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан өз сөзінде айтыстың құқықтық сауаттылықты насихаттауда тың тәсіл екенін ерекше атап өтті:

«Бүгінгі сөз додасы – қаржылық қауіпсіздікті, адалдық пен тәртіпті үгіттеудің, саналы ұрпақ тәрбиесін насихаттаудың жаңа әдісі. Республика көлемінде осындай жаңа форматта айтыс алғаш рет Қызылорда да ұйымдастырылып отыр. Бұл бастама оң нәтижесін беріп, қоғам тарапынан қолдау тапса, осы форматты өзге өңірлерде де дәстүрлі түрде өткізу жоспарымызда бар» – деді, ол.

Айтыста алаяқтық схемалардан сақтану, қаржылық тазалық, заңға құрмет сынды тақырыптар жыр жолдарымен өрілді. Іс-шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Сөз додасының қорытындысымен бас жүлдені Бексұлтан Орынбасаров иеленді. Кеш соңында Қызылорда облысы бойынша ЭТТД басшысы Аслан Кеңес сөз сөйлеп, жиылған жұртқа шынайы ризашылығын білдірді. Барлық айтыскерлер дипломдармен, арнайы жүлде қорымен марапатталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!