Нұрай Шалман – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің түлегі. Кейін Италияның Пезаро қаласында Дж.Россини атындағы консерваторияға «Вокалдық өнер» факультетіне оқуға түскен. Қазір магистратурада опера жанрын тереңдетіп оқып жүр. Талантты жаспен әңгіме өрбітіп, өнерге деген сүйіспеншілігін сездік.

– Музыкаға машық екеніңіз анық. Қазір Италияда біліміңізді шыңдап жүрсіз. Оқуға және жат елге үйренісу қиын болды ма?
– Операның отаны – Италия. Әр қаласында, әр ауылында опералық театр бар. Сондықтан кәсіби тұрғыда даму үшін білім қоры толығу керегін түсіндім. 3 курстың соңында шетелде оқу туралы ой келді. Сөйтіп 1 жылдан аса уақыт итальян тілін меңгердім. Мұнда оқып жатқаныма 5 жыл. Алғашында қиналғаным рас. Өйткені мәдениет пен менталитеті, өмір сүру салты, әдет-дағдысы тым бөлек. Әсіресе тіл білу өте маңызды. итальяндықтар өз тілінде ғана сөйлейді. Тіпті тез сөйлегенде сөзіне түсінбей, абдырап қалуың да мүмкін. Сондай-ақ халқы бәріне байыппен қарап, әр істі асықпай орындайды. Мәселен, бір құжатты кемінде 4-5 ай күтуге тура келеді. Қазір «жат ел» деп жатырқамаймын. Халқына, жеріне бейімделіп кеттім.
Қазақстанда вокалды жоғары деңгейде үйретеді. Ұстаздар аптасына 4-5 рет дәріс беріп, бар ынта-ықыласымен дайындайды. Ал Италияда аптасына 2-3 ғана сабақ болады. Есесіне мұнда мүмкіндік көп. Маған ұнайтыны да сол. Өзің ізденіп, сырттай сабақтар алып, шеберлігіңді шыңдауға әрекет етесің.
– Романс таңдау қаншалықты қиын? Сахнада қандай туындылар орындап жүрсіз?
– Бұл – күрделі процесс. Репертуарға романс немесе арияны мұқият таңдау керек. Тырнақалды туындыны таңғажайып үнмен орындау шеберлік. Тұла бойды толқытып, ой-сананы жаулап алатын музыканың деңгейін түсірмеген ләзім. Сондықтан әрқайсысын талғам мен талап арқылы таңдаймыз.
Опера өнерінде дауыс сопрано, меццо-сопрано, контральто, тенор, ба­ритон және бас болып бө­лінеді. Осы­ның ішінде сопрано бағытында көп орындаймын. Содан болар, репертуарымда лирикалық шығармалар басым.
– Атақты өнер­паздардан тәлім алыпсыз. Бұл сізге қалай әсер етті? Италия­лықтардың операға талғамы қандай?
– 2021 жылы Модена қаласында Паваротти-Френи атындағы театрдың опералық студиясына қабылдандым. Ең мықты өнер өкілдерінінің дәрісін тыңдадым. Осындай мүмкіндікке ие болғаным мақтаныш әрі жетістік. Мариелла Девиа, Хосе Каррерас, Леоне Маджиерадан мастер класс алдым. Әр сабақ ұнады, ерекше өтті. Ұстаздарым қатал әрі талапшыл. Мұндай тәртіп пен ұстаным жас вокалистерге айқын бағыт берері анық. Қазір жақсы дауыс иесі болу аздық етеді. Опера – сан сала қиысатын үлкен өнер. Көмейден шыққан үннің таза шығып, ырғақ қалпын бұзбауды назарға алған жөн. Жаттаған мәтіннің маз­мұ­нын түсініп, кейіпкер мінезін зерттеу де маңызды. Сонда ғана өнер өз төріне шығады.
Италия халқының талғамы тым жоғары. Олар «Травиата», «Богема» сынды атақты опералардың ариясын жатқа біледі. Он рет, тіпті жиырма рет тыңдаған. Сондықтан қойылымда қателесу нағыз сын. Мүлт кетуге қақымыз жоқ. Бұлбұл әнші ғана емес, талантты актриса да болуымыз шарт. Көрермен үшін рөл 100 пайыз сәтті шығу керек. Уақыт пен шеберлікті ұштастырып, көрерменге әдемі дүние ұсынуға тырысамыз.
– Өзіңіз үлгі тұтатын опера әртісі бар ма?
– Ме­нің­ше, кез келген адамның үлгі тұтар тұлғасы болады. Бұл оның ұстанымын ұстанып, еліктеу деген сөз емес. Өнер жолындағы жетістігін негіз етіп, сондай биікке ұмтылу. Майра Мұхаммедқызының өнері мен дауысына тәнтімін. Кәсіби білімі жоғары. Парижде өнер көрсеткен опера әншісі.
Сонымен қатар американдық сопрано Надин Сьерра жаныма жақын. 15 жасымнан бастап сүйіп тыңдаймын. Тіпті 2019 жылы Қызылордадан Мәскеуге жеке концертіне де барғанмын. Ерекше әсер алғаным есімде. Сол кісі сияқты күрделі арияны шеберлікпен орындап, әлем сахнасында өнер көрсетсем деймін.
Қазіргі таңда қандай рөлді сомдап жүрсіз? Немесе атақты қойылымдар ішінен жаныңызға жарқын бейне қандай?
– Даңғыл жолымды қалау үшін тынымсыз дайындалып, түрлі байқауда бақ сынап жүрмін. Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсын көрермен назарына ұсынбақпыз. Джильда рөлін сомдаймын, мәтін жаттауды бастадым. Жан-дүниеме жағатыны осы «Джильда». Әрине басқалары да бар. Бәлкім келер жылғы дебютімде қалауым орындалып қалар. Мақсат-мұратыма жетуге тырысамын және орындалатынына сенімім мол.
Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!