SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Mercy» фильмі АҚШ-тағы алғашқы демалыс күндерінде кассалық табыс бойынша Джеймс Кэмеронның «Аватар: От пен күл» картинасын басып озды.

Фильм Солтүстік Америка прокатындағы дебютінде 11,2 млн доллар жинап, бес апта бойы көш бастаған «Аватар: От пен күлдің» үстемдігіне нүкте қойды. Осы нәтижемен Бекмамбетовтың жобасы демалыс күндерінің көшбасшысы атанды.

Алдын ала болжам бойынша, «Mercy» 12 млн доллар жинауы тиіс еді. Алайда АҚШ-қа жақындаған дауылға байланысты болжам төмендетілген. Халықаралық прокатта фильм әлсіз нәтиже көрсетті: 80 нарықта небәрі 11,6 млн доллар жинады. Осылайша, картинаның әлемдік кассасы 22,8 млн долларға жетті.

Болашақ, жасанды интеллект және 90 минуттық үкім

Фильм оқиғасы жақын болашақта өрбиді. Басты кейіпкердің алдында небәрі 90 минут уақыты бар — ол бір кездері өзі жасауға атсалысқан жасанды интеллект-судьяға өз кінәсіздігін дәлелдеуі керек.

Актер Крис Праттың айтуынша, түсірілім процесі театр қойылымын еске салған. Бір кадрдың ұзақтығы кейде бір сағатқа дейін созылып, фильмге қосымша драмалық кернеу мен шынайылық берген.

Камералар, дрондар және робот-иттер

Тимур Бекмамбетов бұл жобада дәстүрлі емес тәсілдерге жүгінді. Түсірілім кезінде денеге тағылатын камералар, дрондар, тіпті робот-иттер пайдаланылған. Ал продюсер Чарльз Ровен («Оппенгеймер» фильмімен танымал) жасанды интеллект тақырыбы жоба үстінде жұмыс істеген кезде бұрынғыдан да өзекті бола түскенін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!