Елдегі он саусағы майысқан шеберлер Сырда бас қосты. Олар С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы мен қолөнер «URSHYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алтын алаша – күміс кілем» атты республикалық қолөнершілер фестиваліне қатысты.

Бұл іс-шарадан еліміздің түкпір-түкпірінен келген тәжірибелі шеберлер, зергерлер, ұстаздар мен жас дарындарды көрдік. Салтанатты жиынның ашылуында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Қолөнершілер одағының Қызылорда облыстық филиалының өкілі Бекзат Жақыпов пен «URSHYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бибігүл Карденова құттықтау сөз сөйледі.

Фестиваль көрмесіне қойылған туындылар көздің жауын алады. Келушілер назарына қазақтың дәстүрлі қолөнері – алаша, кілем, сырмақ, текемет, түскиізбен қатар, ұлттық нақыштағы замана- уи тоқыма және сәндік бұйымдар ұсынылды. Жүн, киіз және табиғи жіптерден жасалған интерьерлік заттар, тұрмыстық бұйымдар, авторлық аксессуарлар мен кәдесыйлар көрменің сәнін кіргізді.

Көрмеге қатысушылардың бірі, киізден ұлттық бас киім жасайтын шебер Салима Назарқұлова өз әсерімен бөлісті.

Ұлттық өнер ұлықталды

– Киіз – қазақтың ежелден қолданған, ұлттық киім мен әшекей жасауға таптырмас брендтік материалы. Оның адам денсаулығына пайдасы орасан зор. Мен ұзақ жыл бойы тігін өнерімен айналысып, 1992 жылдан бастап авторлық жұмыстарымды жарыққа шығардым. Кейінгі кезде киіз бұйымдарына сұраныс жоғары. Кілем, алаша, жилет немесе сөмке болсын – барлығын киізден жасауға болады. Бұл көрмеге арнайы Шымкенттен келдім. Үлкен дайындықпен қатысып отырмын. «URSHYK» бірлестігіне былтыр Ақтөбеде мүше болдым, биыл, міне, Сыр елінде бас қосудамыз, – деді ол.

Фестиваль аясында алаша және кілем тоқу дәстүріне шолу, шеберлік сағаттары өтті. Олар қонақтардың қызығушылығын тудырды. Шығармашылық сағатын өткізген қолөнершілердің ішінде Жалағаш ауданының тумасы, №201 мектеп-лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлдана Сейтқасымова да бар.

Ұлттық өнер ұлықталды

– Байқаулар шығармашылық ізденіске жетелейді. Мен өз туындыларымда ылғалды және құрғақ илеу әдістерін араластырып, суреттің жиегімен үйлестіру үшін кестені қолдандым. Контраст пен түс үйлесімін табуда суретшілік қабілетім көп көмектеседі. Туындыда жаз бен күз мезгілінің ауысу сәтін жіптер мен бояу арқылы бейнеледім. Көрмеге төрт жұмыс ұсындым. Оның үстіне, шеберлік сағатына дайындаған арнайы туындымды қосқанда жалпы бес көркем картинаны Сыр еліне әкелдім. Қоржынымда сурет, былғары және сүйектен жасалған 100-ден аса жұмыс бар, – деді шебер-ұстаз.

Қала тұрғындары мен қонақтары фестивальге белсене қатысып, ұлттық өнерге өз бағасын берді. Осы орайда көрмеге келген Айнұр Әділбекова пікірін білдірді.

– Бұл – қазақтың байырғы қолөнері мен заманауи шеберліктің тоғысқан мерекесі болды. Қолдан басылған киіз, қыздарға арналған күртешелер, әшекей-бұйымдар мен қуыршақтар мені тәнті етті. Әсіресе, кілем тоқудан өткен шеберлік сағаты қатты ұнады. Көне мұрамыздың осындай шеберлердің қолында жаңғырып жатқаны бойымда қуаныш тудырады, – деді ол.

Ұлттық өнер ұлықталды

Үш күнге созылған өнер мерекесі марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Қазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталды. «Ең үздік кілем» номинациясы Қызылорда қаласының шебері Салтанат Абдрамановаға табысталды. «Ең үздік ою» номинациясы Ақтөбе қаласының қолөнершісі Қалимаш Каримбердиеваға берілді. «Ұлттық нақыш» номинациясын Ақтау қаласының шебері Секеп Байдалиева иеленді. Ал «Жас шебер» номинациясын Айша Өмірбек пен Салтанат Әби алды.

Фестиваль аясында ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталып, ата-бабадан мұра болған қолөнердің заманауи даму бағыты қайта көрініс тапты. Үш күн бойы шеберлер тәжірибе алмасып, көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып, көрермендерге ұлттық өнердің сан қырлы үлгісі ұсынылды.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!