Қызылорда қалалық «Жастар» театры жаңа маусымын тың серпінмен бастады. Биыл ел тарихындағы елеулі даталар – Қызылорданың астана болғанына 100 жыл және Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған орай театр ұжымы алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбайдың қаламынан туған «Жас Алаш. Шындық шырағы» атты тарихи драманы сахналады.

Қойылым желісі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов, Айғаным Досжанова, Сұлтанбек Қожанов сынды Алаш арыстарының сол кездегі астана – Қызылордаға қоныс аударуымен өрбиді. Спектакльде біртұтас мемлекет құруды армандаған алаштықтардың жанкешті еңбегі, НКВД жендеттерінің озбыр әрекеті мен ұлылардың ұлттық идея жолындағы ауыр тағдыры көрініс тапты. Драма арқылы көрермен Қызылорданың ұлт тарихындағы рөліне тағы бір көз жеткізді.

Жас Алаш. Шындық шырағы

Жазушы, ақын, аудармашы, сценарист Ұларбек Нұрғалым Сыр еліне арнайы ат басын бұрып, спектакльді тамашалады.

– Қойылым әсіресе өңір көрермендеріне айрықша әсер сыйлады. Өзі тұрған қалада Алаш арыстарының іздері сайрап жатқанын сезінді. Кішкентай ғана сахнаны ұтымды пайдаланып, Міржақыптың соңғы ұсталуында балаларымен тығылмақ ойнаймыз деп көздерін жұмдырып, сан санатып қойып шығып кеткені, балалардың көздерін ашып «папалап» көрермен арасынан жүгіріп әкелерін іздегені көрермен көзіне жас үйірілтті.

Жас театрдың жас әртістері жарады! Тамаша ойнады. Қойылым алдында режиссер олардың Алаш арыстарының өмір жолын, жан дауыстарын жүректерімен сезіну үшін музейге, архивке апарыпты. Соның да әсері болар ойындары барынша сенімді шықты, – дейді ол.

Қойылымды тамашалауға Міржақып Дулатұлының жиен немересі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Әбенқызы Сатыбалдиева арнайы келіп, жас театр ұжымына алғысын білдірді. Кеш соңында мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Дүйсенбайұлы театрды құттықтап, шығармашылық топқа сый-сияпат жасады.

Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, ұстаз, ғалым Айман Айтбаева қойылымнан алған әсерімен әлеуметтік желі беттерінде бөлісті.

Жас Алаш. Шындық шырағы

– Ақмешіт тағдырлас, Алаш тамырлас «Жас Алаш. Шындық шырағы» деп аталатын тарихи драма қойылымына бардым. Хабар тигенде тәй-тәйлап келе жатқан Жастар театрының осындай тақырыптарға түрен салғанына шын қуандым. Елдос Тоқтарбайдың әдебиетімізде ақсап тұрған драма жанрына бас сұққанына да шынайы риза болдым.

Жалпы, Міржақып тағдыры, Алаш тақырыбы біздің ұлттың ең жанды жері, жазылмаған жарасы. Оның жүгі авторға да, театрға да жеңіл емес. Десе де, жауапкершілік үдесінен қаламгер де, әртістер труппасы да шыға алды.

Драманы көріп отырып «қайран да, қайран Міржақыптың Сырда соққан жүрегі-ай, ұстаз Ахметтің болашаққа жетелеген үркер үміті-ай, арыс ғұмырлардың тағдыршешті кезеңдерін тарихқа қаттаған Ақмешіт-ай» дей беріппін… Буыршынның боздаған дауысы құлағымнан кетер емес. Қоңыраулы даланың қоңырауы жүрегімді әлі дүрсілдетіп тұр. Көз алдыма қанжоса болған Қазақ келе береді… Ауырауыр ойларды артып жіберген қойылымнан үйге үнсіз оралып едім. Әлі сол күйі үнсізбін. Сірә, біз әлі оянбаған шығармыз!.. – деді Айман Ералықызы.

«Жас Алаш. Шындық шырағы» – тек театрлық қойылым ғана емес, ел тарихын, ұлт рухын жаңғыртқан тағылымды туынды болды. Қызылорданың жас өнер ұжымы осылайша Алаш арыстарының асыл аманатын сахна арқылы көрермен жүрегіне жеткізді.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!