АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жігітін көлікпен қағып кеткен әйел түрмеге қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Las Vegas Review-Journal басылымына сілтеме жасап.
31 жастағы Джулия Буш 51 жастағы Рикардо Пенардоның опасыздығын оның қоқыс шелегінен басқа әйелге тиесілі тампонды тауып, біліп қойған. Пенардо тампонды Буштың өзі қолданған деп сендіруге тырысқан, алайда бұл сөздері әйелдің ашуын одан сайын қоздырған.
Ашуға булыққан әйел үйден шығып, көлігіне отырған. Артынан Пенардо да шыққан. Буштың айтуынша, ер адам қолына шынжыр алып, терезелерін сындырмақ болған. Қорқып кеткен әйел көлікті оталдырып, ер адамды қағып кеткен. Қатты соққы оны кірпіш қабырғаға соғып, жерге құлатқан. Одан кейін Буш көліктен түсіп, көмек көрсетуге тырысқанымен, нәтиже болмаған. Пенардо келесі күні көз жұмған.
Кейін жұптың сол сәтте есірткіге мас күйде болғаны анықталды. Сотта Джулия Буш ер адамды байқаусызда қағып кеткенін айтқан.

Рөл қай жаққа бұрылғанын ұмытып кеттім, түзетуге үлгермедім. Мен оны қатты жақсы көретінмін, – деді ол.
Буштың адвокаты оның бала күнінен есірткіге тәуелді болғанын айтып, жеңіл жаза беруді сұраған. Сондай-ақ әйелдің бес жасар баласы бар екені белгілі болды. Алайда бұл жайттар үкімді жұмсартпады – сот шешімі бойынша Джулия Буш кемінде 12 жыл түрмеде отырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!