Алматыдан Ақтауға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының KC859 рейсінде техникалық ақау шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға қалай болды?
Жолаушылардың айтуынша, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін-ақ салонында біртүрлі дыбыстар естіле бастаған. Шамамен 30-40 минуттан соң ұшақ 10 мың метр биіктіктен күрт төмендеп, 3 мың метрге дейін түскен. Бұл сәт 10-15 минутқа созылған.

Паника салонында
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, борттағы жағдай ушығып кеткен:

«Адамдар дұға жасап, әйелдер жылады. Тіпті стюардессалардың өздері де қатты қорқып, түрлерінен үрей байқалды. Бір кезде олар дауыс зорайтқыш арқылы “жазық далаға амалсыз қонуға тура келеді” деп хабарлады. Дауысы қалтырап тұрды», – дейді жолаушылардың бірі.

Ресми мәлімдеме
Air Astana баспасөз қызметі оқиғаны растады:

«31 тамыз күні Алматы–Ақтау бағытындағы KC859 рейсінің экипажы Ақтауға жақындағанда техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сәйкес басымдықпен қонуға рұқсат сұрады. Ұшақ қауіпсіз биіктікке төмендеп, Ақтау әуежайына сәтті қонды. Қазіргі таңда әуе кемесіне тексеріс жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Ал кейінгі KC860 Ақтау–Алматы рейсінің жолаушылары басқа ұшақпен жеткізілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!