Sputnik. Алматы облысында «Отар – Алматы – 1» учаскесінде екі адамды пойыз басып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 23 маусымда кешкі сағат 19:10-да «Ақсеңгір-Бұрындай» өткелінде болған.
«Пойыз машинисі екі адамның темір жолға кенеттен шығуына байланысты шұғыл тежеуді қолданды. Олар локомотив сигналына назар аудармады. Қашықтықтың қысқалығына байланысты пойыз тоқтай алмады», – делінген ресми хабарламада.
Ал көліктегі полиция департаменті ұсынған ақпарат бойынша пойыз астына түскен екі адам теміржолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуге тырысқан. Екеуі де алған жарақатынан көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетері, тергеу шаралары Қылмыстық кодекстің 344-бабы, 3-бөлігі (Темiржол көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша жүргізіліп жатыр. Осы бапта төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!