KAZINFORM — Жыл басынан бері Алматыда 5 қойма өртенген.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қалада 112 өрт фактісі тіркелген. Оның 61-і тұрғын үйде, бесеуі қоймада, сегізі сауда кәсіпорындарында және 38-і өзге мекемелерде болған.
Kazinform сауалына жауап берген қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев мегаполис қоймаларындағы өрт фактілері көбеюінің басты себебін атады.
— Қоймалардағы өрттің негізгі себептерінің бірі — электр қауіпсіздігін сақтамау. От электр жабдықтарын дұрыс орнатпау, сондай-ақ дұрыс қолданбау салдарынан болады. Атап айтқанда, суық кезеңде жылу беру құрылығылары белсенді қолданылып, электр желілеріне шамадан тыс жүк түседі. Сондай-ақ көбінесе қараусыз қалған электр құрылғылардан жалын шығады, — деді ТЖД бастығы.
Нұрлан Атығаев қоймалар тәуекелі жоғары объектілер қатарында екенін атап өтті. Айтуынша, мұнда үлкен көлемде тауарлар сақталады және ол жанғыш материалдар болуы мүмкін. Сондықтан өрттің алдын алу үшін қойма иелері мен жалға алушылар бірнеше негізгі ережелерді сақтауы керек.
— Қойма үй-жайларының иелері мен жалға алушыларын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамын. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке, ал өрт салдарынан адамдар зардап шексе немесе қатты зақым болса, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Департамент электр сымдарын үнемі тексеріп отыруды, электр жабдықтарының ақаусыз жұмыс істеу қадағалауды ұсынады, — деді ол.
Жалпы Төтенше жағдайлар департаменті қоймаларда келесі ережелерді сақтауға кеңес береді:
— Біріншіден, сақтау тәртібі. Тауарларды ретсіз қалдырмау керек. Сөрелер арасында өткелдер болуы, ал жанғыш материалдар арнайы жабдықталған жерлерде болуы қажет.
— Екіншіден, электр қауіпсіздігі. От негізінен электр сымдарындағы қысқа тұйықталу әсерінен туындайды. Сондықтан сымдар жарамды күйде болуы керек, ал қуатты құрылғылар ұзартқыш сымдарсыз және электр желісіне шамадан тыс жүк түсірмей қосылу тиіс.
— Үшіншісі — от жағуға және темекі шегуге тыйым салу. Белгіленбеген жерде темекі шегу өрттің туындауына әкелуі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе — қоймада жарамды, мерзімі өтпеген өрт сөндіру құралдары, дабыл жүйесі және автоматтандырылған өрт сөндіру жүйесі орнатылуы керек.
Айта кетейік, бүгінгі күні Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде 1606 адам жұмыс істейді, оның ішінде өрт сөндірушілер саны — 822. Алматы қаласы гарнизонының өрт сөндіру бөлімшелерінде 162 техника бар. Жалпы қаланың 8 ауданында 20 өрт сөндіру бөлімдері орналасқан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!