Алматыда түні бойы жауған алғашқы қар жол қозғалысына едәуір қиындық туғызды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 18:00 мен 06:00 аралығында 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, алты адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция өкілдері көлік жүргізушілерін ауа райының күрт өзгерісіне байланысты сақ болуға шақырды. Қар мен мұздың әсерінен жол тайғақ болып, көліктің тоқтау қашықтығы арта түсетіні ескертілді.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев жағдайға байланысты түсініктеме берді.

«Қар түскен кезде жол беті тайғақ болып, көліктердің тежелу жолы ұзарады. Бірақ соған қарамастан, кей жүргізушілер ауа райы мен жол жағдайын ескермей, бұрынғы жылдамдықпен жүре береді. Бұл – апаттың басты себебі», – деді ол.

Полиция көлік иелеріне қысқы дөңгелекке ауысуды және жолда барынша мұқият болуды ұсынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!