Алматылық Дильбар Тимурова ҚР Президентіне бейнеүндеу жолдады. Ол бұрынғы күйеуінің тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшсі.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға 2025 жылғы 28 тамызда болған. Оның үш жыл бұрын ажырасқан бұрынғы күйеуі оны соққыға жыққан. Соның салдарынан ол ауыр жарақаттар алған. Бұрынғы ерлі-зайыптылардың некеден екі кәмелетке толмаған баласы бар.
Некеден екі кәмелетке толмаған баламыз бар. Оқиға болғанына үш апта болды, бірақ құқық қорғау органдарынан ешқандай әрекет жоқ! Маған жақ сүйегімді қалпына келтіру үшін бірнеше операция жасалды. Мен ауруханада болдым. Егер бұрынғы күйеуіме қатысты шара қолданылғанда, мен көмек сұрап, жүгінбес едім, – дейді Дильбар бейнеүндеуде.
Әйел осы жағдайға жеке араласуды және оның ісі бойынша заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуді сұрайды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл өтініштің тіркелгенін растады.
Жетісу аудандық Полиция басқармасының мәліметінше, дәл сол күні — 28 тамызда 36 жастағы ер адамға қатысты ҚР ҚК 107-бабы (Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу амалдары жалғасуда. Ресми түсініктемеде тергеу аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатыны айтылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!