Sputnik. Алматы облысында астық қоймасындағы жарылыстан зардап шеккендердің барлығы қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт екінші элеватордың тоғыз қабатты ғимаратының бірінші қабатында орналасқан астық қалдықтарының шаң-ауа қоспасының жарылуы салдарынан болған.
«Оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Сынақ-зерттеу өрт сөндіру зертханасы мен анықтау басқармасының қызметкерлері жіберілді. Оқиғаның себебін анықтау үшін Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 100-ден астам жеке құрамы мен 31 бірлік техникасы, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Төтенше жағдай болған «АзияАгроФуд» АҚ басшылығы жұмысшылардың қазасына қатысты пікір білдірді.
«Біз бұл қайғыны бөлісіп, отбасыларға қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Заңда және қолданыстағы корпоративтік бағдарламаларда көзделген сақтандыру төлемінен басқа, компания қайтыс болғандардың отбасыларына қосымша қаржылық көмек көрсетеді. Біз жерлеуді ұйымдастыруға байланысты барлық шығынды өз мойнымызға аламыз, сондай-ақ марқұмның мүмкін қарызын толық өтейміз, сондай-ақ әрбір әріптеске құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті компания.
Сондай-ақ компания қажет болғанша көмек көрсетуге уәде берді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептерін егжей-тегжейлі тексеру жүріп жатыр.
Қайғылы оқиға 23 мамырда болды, Жібек жолы ауылындағы қоспа жем зауытының элеваторында жарылыс болып, өрт шықты. Бір жұмысшы оқиға орнында көз жұмды, үшеуі ауыр халде Қарасай орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Олардың барлығы кейін қайтыс болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!