Ақмола облысының Степногорск қаласында ауыр қайғылы жағдай тіркелді. Көпқабатты үйлердің бірінде жас әйел жеті айлық қызымен бірге жетінші қабаттағы терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Анасы да, сәбиі де алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қаза тапты.
Қайғылы оқиға туыстарының пәтерінде болғаны белгілі. Әйелдің терезеден қалай құлағаны әзірге беймәлім. Қазіргі таңда полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған дерек бойыншасотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Степногорск қаласында туыстарының пәтерінің терезесінен әйел мен оның кішкентай қызының құлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта марқұмдардың кім екені анықталу үстінде. Тексеру шаралары жалғасуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!