Фото: ТЖД
Елордада жеке тұрғын үйден өрт шығып, төрт бала мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Бүгін таңертең Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйде шатыр жартылай құлап, өрт болды. Құтқарушылар хабарлама келіп түскеннен кейін өрт орнына 6 минутта жетті. Өрт алдын ала 500 шаршы метр алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілді. Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапты», – делінген хабарламада.
Деректер бойынша, балалар бір үйде өскен. Үш ұл мен бір қыз. Үй өртенген уақытта өздерінен басқа ешкім болмаған. Балалардың анасы оларды жалғыз асыраған. Өрт болған уақытта жұмыста болыпты.
Қазір өрттің себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«Оқиға орнында өрт зерттеу зертханасы жұмыс істеп жатыр. Қаза тапқандардың жақындарына Апаттар медицинасы орталығының және Астана қаласы ТЖД психологтары көмек көрсетіп жатыр», – дейді төтенше жағдайлар департаменті.
Астана әкімдігі зардап шеккен отбасыға көмек көрсетілетінін айтты. Шатыры жартылай опырылып, өрт болған жекеменшік екі қабатты үйде екі отбасы тұрған.
“Құрбан болған зардап шеккен отбасыға психологиялық көмек беріледі. Оларға материалдық, тұрғын үй және басқа да қажет көмек көрсетіледі. Туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Құрбан болмаған екінші отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері отбасыларымен тұрақты байланыста, барлық қажет көмек көрсетіледі”, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Астананы Көктал-1 елдімекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға қоғамда резонанс туғызып, биліктен елдегі көп жылдан бері қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен аналар наразылығына түрткі болған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!