Астанада жолаушылар зардап шеккен автобус апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Астана Полиция департаменті мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Астанада жолаушылардың денсаулығына ауыр зиян келтірген жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі Астана Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді полиция Tengrinews.kz тілшісіне.

Құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты.

Еске салайық, кеше Астанада автобус жол бойындағы бағанаға соғылған болатын. Жол апаты Республика даңғылында болды.

Оқиға салдарынан 10 адам зардап шеккені хабарланды. Олар елорданың түрлі стационарларына жеткізілген. Екі адам Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылды.

Бүгін жол апатында зардап шеккендердің бірі, яғни 8 жастағы қызға ампутация жасалғаны туралы ақпарат пайда болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!