Атырау гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты. Бұл туралы гарнизонның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна«.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 12 наурыз күні болған. Жаттығу барысында мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алған. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға қарумен абайсыз жұмыс істеудің салдарынан болуы мүмкін.

Жарақат алған сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлер тарапынан қажетті көмек көрсетілген. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Қазақстан Қарулы Күштері қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сонымен қатар марқұмның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті көмек пен қолдау көрсетілетіні хабарланды.

Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тапсырмасымен оқиға орнына министрдің орынбасары бастаған арнайы комиссия жіберілді. Тергеу барысы Қазақстанның Бас әскери прокуратурасы бақылауында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!