2025 жылғы 19 тамызда Атырауда сұмдық қылмыс орын алды. 39 жастағы Ләззат Тасқынбаева күйеуінің қолынан көз жұмды. Екі бала анасынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ләззат Тасқынбаева күйеуі Тимур Қабдырахитовпен 14 жыл бірге тұрған. Ерлі-зайыптылардың некеде екі қызы дүниеге келген, олар небәрі 6 мен 12 жаста.

Марқұмның әпкесі Майраның айтуынша, соңғы бес жыл Ләззат үшін нағыз тозаққа айналған. Тимур оны жиі ұра бастаған. Әсіресе ішімдік ішкенде жағдай тіпті ушығып кететін. Бірақ әйел балалары үшін шыдап келген, соңғы екі жылда жұмыс істемей, үйде отырған.

Қайғылы күні ер адам тағы да әйеліне қол көтерген. Жанжал барысында Ләззат тек туыстарына қоңырау шалуға үлгеріпті, алайда олар кешігіп қалған.

«Ләззаттың ағасы мен әпкесі жүгіріп келгенде, көшеде жедел жәрдем мен полиция тұрды. Ал үйдің ішінде оның күйеуінің екі әпкесі мен екі кішкентай қызы болған. Қыздар жылап тұрып, шешесінің денесін құшақтап: «Анашым, ояншы! Сен тек жатып қалдың ғой! Тұршы!» – деп айқайлаған. Бірақ Ләззат тұрмады. Тимур оның басынан ұрған, соңғы соққы желкесіне тиіп, өлімге әкелген», – дейді Майра.

Әйелдің айтуынша, Тимур полиция мен жедел жәрдемді шақырмаған, керісінше, екі әпкесіне хабарласқан.

«Егер біз үнсіз қалсақ, бұл трагедия жайлы ешкім білмес еді. Полиция алғашында бәрін жоққа шығарды, кейін біз жағдайды ашық айта бастағанымыздан кейін ғана мойындады. Бұл «ұят» емес, бұл «отбасының жеке шаруасы» да емес. Бұл – кісі өлтіру. Бұл – бүкіл қоғамның қасіреті», – деді марқұмның әпкесі.

Енді туыстары әділ тергеу жүргізіліп, күдіктіге лайықты жаза беруді талап етуде. Олар соңына дейін бармақшы.

«Менің бұл жағдайды жарияға жар салғанымның себебі өзімнің де үш қызым бар. Олардың әйел адам соққыға шыдап, үнсіз қалуға мәжбүр болатын елде, өзінің отбасында да қауіпсіздікті сезіне алмайтын қоғамда өскенін қаламаймын. Біз бүкіл ел білгенін қалаймыз: тұрмыстық зорлық-зомбылық адамды өлтіреді, ал үнсіздік онымен бірге өлтіреді. Біз XXI ғасырда, заманауи әрі демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бірақ неге әлі күнге дейін әйел өз үйінде өзін қауіпсіз сезіне алмайды?» – деп түйіндеді Майра.

Атырау облыстық полиция департаменті хабарлағандай, аталған дерек бойынша «Адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!