Фото: dalanews.kz

Бүгін, араға он жыл салып, туған жеріме сағынышымды арқалап қайтып келемін. Топырағында аунап, балалықтың бал дәуренін кешкен қасиетті өлкемде алтын ұя мектебімді бітірген соң студенттік шағымды осында өткіздім. Жүрегімдегі үлкен үміт пен асқақ арман мені осы қалаға жетеледі. Арманыма ақырын қадам басқаныммен, бөтен ортаға сіңіп кету алғашқы кезде маған оңайға соқпады.

Жаңа орта, жаңа адамдар. Бәрі де маған беймәлім. Сол беймәлімдіктің ішінде өзімді табуға тырыстым. Бейімделу қиын болмады, себебі мені қабылдаған ортада жылулық та, қолдау мен шабыт та қатар жүрді.  Бірақ, Сыр елі − жыр еліме аңсарым ауып тұратын.  Елде қалған әке-шешем мен бауырларым болса, жазғы демалыстарында маған асығатын.  Студенттік шақтың қарбалас өміріне бой алдырып, қолым тимеген соң ата-анамды қасыма шақыртып, осында тұрақтап қалуын өтінетінмін. Алайда үлкен кісілер бұл жақтың тұрмысына бейімделе алмайтындарын айтып, қоныс аударуға келіспеді. Сөйтіп, жылына бір мәрте ғана келіп, мені баладай еркелетіп, сағыныштарын басып қайтатын. Әр сапарында Қызылорданың иісі сіңген естеліктер мен түрлі сыйлықтарын ала келетін.

Таңғы 6-ға таяп қалғанда келе жатқан пойыз дауысын естіп, жадырап тұрмын. Осы күнді маңдайыма жазған Аллаға шүкір айтып, келіп жеткен пойызға қарай адымдадым. Жүрегім алып-ұшып, қызық сезімдемін. Берілген орныма жайғасып пойыз жүре бастағанда терезеден қарап тұрып, табиғатпен үнсіз қоштастым. 10 жыл бойы бауырына басып, мені көтере білген жер анаға рақметімді айттым.

…Мен шексіз бақытты адаммын. Қанша жыл жырақта жүрсемде, барлық ғажайып жерді көрсем де кіндік қан тамған жерге ешқандай жер тең келмейтінін ұғындым. Пойыз дыбыс беріп, Қызылорда вокзалына тоқтағанда екі аяғымнан жан кетіп, өзімді қалықтап ұшқалы тұрған құс секілді сезіндім. Арқалаған дорбаммен сыртқа түсіп, тізерлеп отыра қалдым да аспанға қарап, армансыз ауасын жұттым. Көптен күткен сәтте, мені сағынышпен күткен достарым мен туыстарым қуанышпен қарсы алды. Табаным туған жердің қасиетті топырағына тиген сәтте жүрегім толқып, риясыз шаттыққа бөлендім. Бәріміз бірге, асықпай қара шаңыраққа бет түзедік.

«Туған жерім Қызылордам! Сен мен кеткелі біраз өсіп, өзгеріпсің. Бала кезде ойнаған аулаға ғимараттар салыныпты. Елден қалмай көркейіп келе жатқаныңды көріп қуандым. Ата-анамның сені тастап кете аламайтынын да түсінгендеймін. Бұрын мен жүрген жолдарға жарық қосылып, жайнатып жіберіпті. Мені кешір! Жыл сайын келіп сәлем бермегенім үшін кінәлімін», − деп, түнде масахана ішінде жатып, туған жеріме ақтарылдым.

Таң шапағы біліне бергенде қораздың шақырған даусынан ояндым. Көз салсам, басына ақ орамалын таққан анам таза ауамен тыныстап, қоңыр самаурын қасында шәйін ішіп отыр екен. Ал, аула ішінде әкем малға жем-шөп беріп, күндегідей еңбегіне қызу кірісіпті. Қарбаласы толастамайтын үлкен шаһарда шаршап, таңды әрең атыратынмын. Ал, туған жерімнің қоңыр самалы мен саф ауасы жанымды сергітіп, қиындықсыз ояндым. Тұра сала, анамның алдына жатып балаша еркелеп, басымды сипатқан соң, әкеме қарай беттедім. Ол кісі ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып келеді. Өзінің жаны сүйіп, жақсы көріп жасағандықтан шаршадым демейтін. Міне, осыдан 10 жыл бұрын көрген көрінісімді қайтадан көріп тұрғаныма көздерім риза. Қора қопсытып, тамақтандырып жатқан әке жанына келгенімде «құлыным» деген сөзінен кішкентай балаға айналғым келді..

Түс ауа үйге достарым келіп, көлікпен табиғаттың әсем жерлерін араладық. Алысып ойнаған тұстарға келіп ұзақ кідіріп, сол шақтарды көз алдымнан өткізіп «қайта келмес күндерім-ай »,− деп ауыр күрсініп, келесі аялдамаға тартамыз. Бұрын көше басына жетпей үлкен төмпешік құмдар төгіліп тұрушы еді. Жаз мезгілінде жалаң аяқ бассаң шекеңе дейін терлеп, табаныңды күйдіреді. Сол бір төмпешіктердің орнында қазір зәулім үйлер сап түзеп тұр. Иә, бұл көркейіп әсем қалаға айналғанының белгісі болса да, бала кезімнің ыстық кезеңдері жойылғандығын ойлап көңілім жабырқайды..

Әкемнің маған сыйлаған асыл тұқымды аты бар. Бұрын өзім қарап, баптайтынмын. Арман қуып кетер шағымда Құлагерді қимай, біраз қиналғаным әлі есімде. Қорадағы жалғыз үйшікте меңірейіп тұрған Құлагеріме жақындап, жібектей жалынына алақанымды тигізіп біраз тұрдым да, жанарындағы мөлдір дүниеге ұзақ үңілдім. Мені күтіп әбден сағынған секілді. Жанары жасқа толып, тұмсығын иығыма арта берді. Қақпаны ашып, соңыма жетектедім де, үйден аса бергенде үстіне шабармандар секілді мініп, шаба жөнелдім. Сол кездегі маңдайдан ескен самал желмен, шаңның иісін айтсаңшы…

Осылайша мен ұзақ жыл бойы аңсап күткен шаққа жетіп, бұрын атауы Ақмешіт болған туған өлкем Қызылордама келіп, жаңа бастамаларға жол аштым. Қайда жүрсем де, жүрегім тулап, шын мәнінде рақаттанып демалатын жерім – осы қасиетті мекен екенін бүкпесіз айта аламын. Жылдар жылжып, ғасырлар алмасса да, өзіндік тарихы бар Сыр елі – менің мәңгілік мақтанышым. Өзге қалада жүргенде өзің өндіретін ақ күріштен ас әзірлеп, сенің топырағыңнан біткен дақылды ысырап қылмайтын едім.

Қарақат Ыдырыс

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!