Сурет: Instagram/fixdessertchocolatier

Елорда полицейлері интернетте қымбат дубайлық шоколадты жарнамалаған алаяқтарды анықтады. Олар Instagram әлеуметтік желісінде шоколадты нарықтық бағадан төмен ұсыну арқылы көп адамды қызықтыруға тырысқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осылайша, жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтармен хат алмасып, төлем мен жеткізу жолдарын талқылап, шамамен 15 мың теңгеге бір плитка шоколадқа тапсырыс берген. Ақшаны банк картасына аударғаннан кейін, алаяқтар оны бұғаттап тастаған. Жәбірленуші алданғанын түсінген соң, полицияға көмекке жүгінді. Осындай шағыммен 5 жәбірленуші арыз түсірді.

Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында танымал дубайлық шоколадты сату желеуімен адамдарды алдап, пайда тапқысы келген жас жігіттерді ұстады. Тергеу барысында ұсталғандар өз кінәсін мойындады. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!