Египеттегі Шарм-эль-Шейх әуежайында жолаушыларға жарнама тақтасы құлап, Қазақстан азаматшасы қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
17 мамыр күні Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласындағы әуежайда жолаушылардың үстіне жарнамалық қалқан құлап, қайғылы оқиға орын алды. Оқиға салдарынан Қазақстан азаматшасы қаза тауып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алды.
Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
«Шарм-эль-Шейх әуежайының ұшу залында рейске отырғызуды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық тақта құлап кеткен. Қайғылы оқиға салдарынан Қазақстан азаматшасы қайтыс болды, тағы екі азаматшамыз жеңіл жарақат алды», – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға барлық қажетті консулдық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
«Жарақат алған екі азаматшаға тиісті медициналық көмек көрсетілді, қазіргі таңда олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Египет тарапы Қазақстан азаматшасының қазасына байланысты шын көңілден көңіл айтты. Египеттің азаматтық авиация министрі бұл оқиғаны жеке бақылауына алып, оқиға орнына арнайы комиссия жіберді. Қазіргі уақытта тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!