Алматы-2 теміржол бекетіне келген пойызда 52 адам көміртегі тотығынан (угарный газ) уланып, зардап шекті. Екі бала жансақтау бөлімінде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына жедел жәрдемнің 13 бригадасы жіберілген.

«Барлығы 52 адам, оның ішінде балалар зардап шеккен. Барлық науқас қала стационарларының қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, тексеруден өткізіліп, қажет медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады ведомство.

Басқарманың мәліметінше, тексеріс нәтижесінде 10 бала ауруханаға жатқызылған. Оның екеуі жансақтау бөлімінде, қалғандары профильдік бөлімдерде ем алып жатыр.

«Қалған пациенттерге тексеру мен алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емге жіберілді. Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы дәрігерлер бақылауында, барлығы қажет медициналық көмекпен қамтылған», – деді баспасөз қызметі.

Жағдайға «Жолаушылар тасымалы» АҚ да түсінік берді. Компания пойыздың өздеріне қатысы жоқ екенін айтты.

«Алматы-2 вокзалына келген пойыздағы көміртегі тотығымен улану оқиғасына байланысты хабарламаға қатысты айта кетсек, Ұлттық тасымалдаушының бұл оқиғаға қатысы жоқ. Улану болған пойыз “Жолаушылар тасымалы“ АҚ-ға тиесілі емес, жеке тасымалдаушыға қарайды. Вагондар түсірілім жүргізу үшін киностудияға берілген», – деп мәлімдеді компания.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!