SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұз қаласында тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан бір адам көз жұмып, үш әйел түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға 8 қаңтар күні сағат 20:38-де тіркелген.
Өрт жеке тұрғын үйде шыққан. Өрт үйдің шатыры мен ішкі мүлкін шарпыған. Құтқару бөлімшелері оқиға орнына жедел жетіп, сөндіру жұмыстарына кіріскен. Мамандар келген сәтте жалын ағаш шатыр конструкцияларына, жиһаз бен тұрмыстық заттарға тарап үлгерген.
Өртті сөндіру барысында үш әйел құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Ал үй ішінен 1984 жылы туған ер адамның мәйіті табылған.
«Өртті сөндіру кезінде үш әйел аман алып шығарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Сондай-ақ 1984 жылы туған ер адамның денесі анықталды», – деп хабарлады ведомствода.
Өрт сағат 21:37-де толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Полиция дерегінше, аталған үйде тұрған адамдар асоциальды өмір салтын ұстанған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
