SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда балалар алаңында бес жастағы баланы тепкен ер адамға қатысты жаңа деректер белгілі болды. Жарақат алған баланың анасы AstanaTV арнасына оқиға барысы мен баланың жағдайын айтты.

Оның сөзінше, бала ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бес жастағы бүлдіршінге ми шайқалу диагнозын қойған. Түнде жағдайы нашарлап, құсу, қатты бас ауруы және мазасыздық күшейген. Анасы оны стационарда жалғыз қалдыруға қорқып, жазбаша түрде ауруханада қалдырудан бас тартқан.

Жәбірленушінің анасы ер адамның өз әрекеті үшін кешірім сұрамағанын айтады.

«Учаскелікке ол бізге үйге келіп кешірім сұрадым деп жалған айтқан. Ешкім келген жоқ. Қайта оның әйелі екі рет келіп, 80 жастағы анамды қорқытқан. Содан кейін анамның қан қысымы көтеріліп, әлі күнге дейін өзін жайсыз сезінеді», – деді әйел.

Полиция факті бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында бейнежазбалар, куәгерлердің айтуы және оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекеттері тексеріліп жатыр. Іс балалар омбудсмені мен полиция департаментінің бақылауында.

Бұған дейін Алматыдағы «Каспий» тұрғын үй кешенінің ауласында түсірілген бейнежазба тараған. Куәгерлердің айтуынша, балалар арасындағы жанжалға араласқан ер адам жүгіріп келіп, бес жасар баланы теуіп жіберген. Кейін полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстағанын хабарлаған.

Ведомство өкілдері мұндай әрекеттердің балаларға қатысты зорлық екенін, заң аясында қатаң бағаланатынын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!