Фото: Polisia.kz

Астана қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев интернеттегі алаяқтықтың алдын қалай алуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дастан Қалиев биыл елорда аумағында 749 интернет-алаяқтық тіркелгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, азаматтарға келтірілген залал 500 млн теңгеден асады. Қазіргі уақытта тіркеудің 13,6%-ға төмендеуі байқалады.

Елімізде цифрландыру жаппай сипат алып жатыр. Мәмілелер, ақша қаражаттарын сатып алу, аудару, мемлекеттік қызметтерді алу және т.б. қашықтан, жеке қатысудың қажеттілігінсіз жасалғаны алаяқтар үшін қолайлы жағдайлар тудырады. Интернеттегі алаяқтықтың алдын алудың алғашқы және маңызды қадамы – хабардар болу. Азаматтар интернеттегі күдікті сұрауларға, сілтемелер мен ұсыныстарға мұқият болу қажет. Сонымен қатар қиын парольдер мен қауіпсіз қосылымдарды пайдалану керек, – деді полицей.

Астана қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы алаяқтардың негізгі схемаларын атады.

Олар:

– жасанды интеллектті пайдалану арқылы банктердің қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулар;

– әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда тауарлар мен қызметтерді сату;

– фишингтік сайттарды пайдалану;

– криптовалютаға, бағалы қағаздарға және т.б. инвестициялау;

– What’sApp мессенджеріне заңсыз қол жеткізу.

Елорда тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында Астана қаласы полиция департаменті мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп волонтерлік қозғалыстарды тарта отырып, тұрақты негізде іс-шаралар мен акциялар өткізеді.

Бүгінге дейін интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау туралы түсіндірмелері бар буклеттер мен жадынамалар тарату бойынша акциялар ұйымдастырылып, оқу, медициналық мекемелерде, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда дәрістер өткізіліп келеді. Жерге трафареттер салынып, сауда ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, базарларда, супермаркеттерде аудио таратылып, қалалық автобустарда аудио-бейнероликтер көрсетілуде және әлеуметтік желілерде профилактикалық сипаттағы материалдар таратылып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!