Алматының Түрксіб ауданында Toyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісі көше газ құбырының тіректерін соғып, салдарынан жүздеген үй газсыз қалды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметіне сілтеп.
Оқиға 6 қараша күні болған.
Компанияның мәліметінше, оқиға салдарынан орта қысымды газ құбырының шамамен 10 метрі зақымданған және алты тірек майысып, газдың шығуы тіркелген. Қауіпсіздік мақсатында апаттық қызмет дереу 653 тұтынушыға, оның ішінде 646 жеке үйге, үш шағын бизнес нысаны мен төрт өндірістік кәсіпорынға газ беруді тоқтатты.
Газ қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жетіп, зақымдалған учаскені жапты және газдың шығуын жойды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Апат аймағы қоршалып, тәулік бойы бақылауға алынған.
«Тұрғындардың қауіпсіздігі мен газбен үздіксіз қамту – біздің басты басымдығымыз. Барлық күш газ беруді тезірек қалпына келтіруге және тұтынушыларға келтірілген қолайсыздықты азайтуға бағытталуда», – делінген компания хабарламасында.
Оқиға жөнінде жол полициясы да хабардар етілді. Жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолдану туралы өтініш берілген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!